Елбасының кітапханасы оның жаңа кітабымен толықты
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жаңа кітабымен толықты.
Бұл шығарма – ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесінде ұлттық руханиятымызға қосылған құнды қазына. Жаңа кітапқа Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақ елі, ел мен жер тағдыры, ана тіліміздің мерейі, Алматы мен Астана қалаларының саяси рөлі, жаһандық мәселелер мен қоғам дамуы туралы ой-толғамдары, шетелдегі қандастарымыздың тағдыры, жас ұрпақтың алдында тұрған басты міндеттер, адам бойындағы имандылық қасиеттер, дін мен дәстүр, киелі өнер өрісі, отбасының ынтымағы, қазыналы қариялардың қадірі, Мәңгілік елдің мұраты туралы тұжырымды ойлары енген.
Оқырманға ой салатын тағылымды туынды «Туған елім – тірегім», «Ел мен ер, ер мен жер», «Тәуелсіздіктің тал бесігі», «Саясат салтанаты», «Туған тілдің тұғыры», «Дін мен дәстүр», «Қиырдан келсе қандастар», «Өнердің өрісі кең», «Жаңғырып келер жас толқын», «Еңсесі биік Елорда», «Отбасы – Отан тірегі», «Қарияларымыз – қазынамыз», «Мұраты бірдің – қуаты бір» деп аталатын тараулардан тұрады.
Қазақстанның жарқын жолының негізін салып, елімізді бірлік пен татулықтың алтын бесігіне айналдырған Елбасы қаламынан туған туындыны отандастарымызбен қатар әлем жұртшылығы аса құнды еңбек ретінде қабылдап отыр.