Өмірбаяны және отбасы

Жастық шағы

Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.  

Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Онымен бірге қиындықтарға төтеп берген жолдастары Төлеген Юсупов пен Болат Кәрімов те жоғары білікті металлургтерге айналды.

Жиырма жастағы Нұрсұлтан өзінің қомақты жалақысының жартысын жас балаларының мұқтаждығына жұмсасын деп, әкесіне жолдап отырды.

Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды.

Осы жылдарда оның өмірінде тағы бір маңызды оқиға болды. Нұрсұлтан Әбішұлы кейіннен былай деп жазды: «Ал сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы – болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді – тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім. Көп ұзамай тойымыз болды. Өзім екпінділер мен белсенділер қатарында жүргендіктен коллективіміз оны комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берді».

Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз – Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.

Жас жұбайлардың өздері де кәсіби тұрғыдан өсе берді. Зауыттың жолдамасы бойынша Назарбаев өз цехындағы бірнеше жігітпен бірге Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді.

Ол жылдары техникалық жоғары оқу орындарында оқуды өндірістегі еңбекпен үйлестірудің сынақ-тәжірибесі өткізілетін. Бұл болашақ мамандықтың практикалық жағын игеруге септігін тигізді, алайда жұмыс істеу және сонымен бір мезгілде институтта оқу өте қиын болды. Осылайша, бұлар бірінші курсты бітіріп шықты, ал келесі екі курс өндірістен ажыраған таза студенттік кезең болды. Нағыз студенттік өмірдің барлық қажетті атрибуттары – сынақтар, сессиялар, зертханалық жұмыстар еді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев үшін тыңғылықты білім алуды одан әрі жалғастырған жылдар болды.

Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты.

Оның ізінше зайыбы Сара Алпысқызы Назарбаева да 1967 жылы «Қармет» жанындағы зауыт-втузды бітіріп, экономист дипломын алды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды. Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді.

Басында ол бұл ұсынысқа онша ықылас танытқан жоқ – жалақының едәуір бөлігінен айрылуы мен «жалынды жылдарының» жалғаспай қалатыны қынжылтты. Бірақ қатаң партиялық тәртіп осыған міндеттеді. Оған қоса металлург достары да мұның басшылық жұмысқа барғанын құптады.

Біраз уақыт өткен соң ол бұл маңызды іске қызу араласып кетті. Қалың көптің ортасында солардың мүддесі және арман-тілектерін сезіне отырып тіршілік ету, оларды басқару мен ұйымдастыру Назарбаевтың қанында бар қасиет болып шықты.

Бірге жұмыс істеген жандардың көбі кейіннен оның адамды және оған қатысты оқиғаны есте сақтайтын керемет қабілеті, үнемі бәрін ұғуға, түпкі мәніне жетуге, сұхбаттасушысын мұқият тыңдауға және түсінуге тырысатыны туралы айтып жүрді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің еске алуынша, онда астамсу сезімі болмаған, басқарушылық лауазымдарға деген айтарлықтай құлшынысты да сезінбепті. Алайда, жасөспірім кезінен «орташа» күйінде қалуды қаламайтын өзіндік биік намысқойлығы, әрқашан бірінші болуға ұмтылу дағдысы қалыптасқан. Жетекші әрі ұйымдастырушы ретінде ол біртіндеп цех басшысынан министрлерге дейінгі сан алуан адамдармен қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады.