Әндер

Бұл бөлімге Мемлекет басшысының авторлық әндері, сонымен қатар ол сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де авторлардың туындылары енгізілді. 

Сүйіп тыңдайтын әндері

Жұлдызым

Құйылып көзіңнен нұр, 
Ерекше сезіммен бір,
Тұнжырап қара меңің, 
Сен маған қарап едің. 

Қайырмасы: 

Жүзіңе күлкі үйірген,
Арайлы кірпігіңмен.
Бір ұшқын шашып өттің, 
Сөйттің де, ғашық еттің. 

Осынау жас шағымда,
Айым боп аспанымда,
Сырыңды жанға ашпаған,
Сыйладың алғаш маған. 

Ешкімге оқылмаған,
Жүректе лапылдаған
Махаббат қуат-күші
Сен ғана сияқтысың.

Сөзі: Исраил Сапарбаевтікі 
Әні: Сүгірәлі Сапарәлиевтікі

Ақын Исраил Сапарбаевтың сөзіне жазылған Сүгірәлі Сапарәлиевтің «Жұлдызым» әні өткен ғасырдың 70-80 жылдары халық арасында кеңінен таралды. Жастардың көңілінен берік орын алған «Жұлдызым» жиын-тойларда да, үлкен сахналарда да кеңінен шырқалды. Президенттің жастық шағының куәсіндей «Жұлдызым» – Елбасының әрдайым ерекше сүйіп тыңдайтын әндерінің бірі. 

Көзімнің қарасы

Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді іштегі
Ғашықтың жарасы.

Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.

Кең маңдай, қолаң шаш,
Я бір кез, я құлаш.
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым, бетіңді аш.

Қара көз, имек қас,
Қараса, көз тоймас.
Аузың бал, қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.

Қыр мұрын, қыпша бел,
Солқылдар, соқса жел.
Ақ етің үлбіреп,
Өзгеше біткен гүл.

Иісің гүл аңқыған,
Нұрың күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,

Сөзі мен әні: Абай Құнанбаевтікі

Абай (Ибраhим) Құнанбаев (1845 - 1904). Қазақтың ұлы ақын Абай Құнанбаев Семей өңірінде дүниеге келген. Абай өз қаламынан туған тамаша әндері арқылы қазақ музыкасына ерекше үлес қосты. Халық музыкасымен сусындаған Абай өзінің шығармаларында музыкалық дәстүрлерді бір арнаға тоғыстырып, қазақтың музыка тілін жаңа көркемдік бейнелеу құралдарымен байытты. 

Беу, айдай

Қалам алып қолыма жазамын хат,
Өзім арзан болсам да, сөзім қымбат, беу, айдай.
Бекер қарап отырған жараспайды,
Қара өлеңмен айтайын аз насихат, беу, айдай.

Қайырмасы:

Былтырғы мен биылдай,
Қолда жоқтың қиыны-ай.
Ұстараның жүзіндей
Аударылған дүние-ай.
Жүруші едік той тойлай,
Торғын белбеу бір байлай.
Әдейі іздеп келгенде,
Сөйлесейік ыңғайлай.

Хат жазамын қолыма қалам алып,
Сенің берер жауабың маған анық, беу, айдай.
Сыбайласым кім болар деп жүргенде,
Бәйге атындай тұрыпсың тағаланып, беу, айдай.

Қайырмасы:

Қалам алсам қолыма, қарысады,
Бәсекемен қос жүйрік жарысады, беу, айдай.
Жүйрік жайын, ей, құрбым, білмеуші ме ең,
Біреуі озып, біреуі қалысады, беу, айдай. 

Халық әні

Сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының озық үлгілерінің бірі – «Беу, айдай» әні. Бұл туындының тәрбиелік мәні зор. Ел арасына кең таралған әнде өмірдің өтпелі екені, сондықтан адам үшін сырласып, сыйласудың маңызды екені әсерлі беріледі. 

Сәулем-ай

Аяғыма кигенім былғары етік, сәулем-ай,
Табанымнан барады ызғар өтіп, сәулем-ай.
Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп, сәулем-ай,
Жаман болсаң, қаларсың суға кетіп, сәулем-ай.

А-хоу,
Сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің.
Жақсы болсаң – сәулемсің,
Жаман болсаң – әуремсің.

Ағынан да алманың көгі жақсы, сәулем-ай,
Барынан да жаманның жоғы жақсы, сәулем-ай.
Бір сөз айтсаң жаманға, теріс қарар, сәулем-ай,
Қорғасындай балқыған қайран жақсым, сәулем-ай.

А-хоу,
Сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің.
Жақсы болсаң – сәулемсің,
Жаман болсаң – әуремсің.

Сен де сері сәулем-ай, мен де сері, сәулем-ай,
Шын сүймесең, көңілімді бермес едім, сәулем-ай.
Томағасын алдырған лашындаймын, сәулем-ай,
Сен болмасаң, бұл жерге келмес едім, сәулем-ай.

А-хоу,

Халық әні

«Сәулем-ай» – халық арасына кең тараған әсем әндердің бірі. Музыкалық туынды сезімді қозғайтын сыршылдығымен, ойлылығымен әрі ойнақылығымен ерекшеленеді. Мән-мағынасы терең, әуезді ән үлкен сахналарда, халық арасында үзбей шырқалып келеді.