Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
23.03Бұл күні:
2005

Мақалалары

«Егемен Қазақстан» , 30 тамыз, 2000 жыл

Конституция – Қазақстанның өркені мен өрлеуінің негізі

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

"Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы", деп басталатын біздің Конституциямыздағы осы сөздерде мемлекеттілігін жаңғыртып, жаңа әділетті қоғам орнатуды мұрат тұтқан сан ұрпактың тарих сабақтастығы тоғысып жатыр. Мемлекет - аумақтың тұтастығы, азаматтардың топтасқандығы, билік институттары ғана емес, біз сонымен атар ол өз бойына алдыңғы ұрпақтын өмір тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген ізгі үмітін сіңірген Конституция деп те білеміз.

Егемен Қазақстанда біршама қысқа мерзімнің ішінде екі Негізгі Заң тарих қойнауына кетті. Оның біріншісі бізге кеңестік кезеңнен еншімізге тисе, ал 1993 жылы қабылданған екіншісі, жасырары не, кешегі мен келешекті мәмілелестіруге тырысқан әрекет кана еді. Оның ғұмырының қысқа болары да бесенеден белгілі еді. Экономика мен сасаттағы, адамдардың санасындағы түбегейлі өзгерістердің тездегені сонша, жаңа Конституция қабылдау қажеттігі айдан анық болды. Осы заманғы демократияның негіздері қалана бастаған бұдан екі жүз жылдан астам уақыт бұрын заңдар мен конституцияларға өзгерістер енгізе беруді онша құптай қоймаған Т.Джефферсонның өзі: "заңдар мен адам институттары адамзат парасатының ілгерілеуімен ілесе, бірге жүріп отыруға тиіс" деп жазған еді.

Жаңа Конституцияны әзірлеу үішн отандық заң ғылымының күллі қуаты іске қосылып, коғамтанудағы сабақтас салалардың білікті маандары, білгір сарапшылар жұмысқа тартылды. Сонымен бір мезгілде басқа мемлекеттердің конституциялары нысаналы түрде сараланды. Ақыры, бүкілхалықтық референдумда өзіміз бүгін бесжылдығын атап отырған Конституция қабылданды.

Мен бұл жерде бүгінгі қолданылып жүрген Конституцияның қандай да бір күмән туғызбайтын заңды сипатын атап көрсетуге тиіспін. Референдум қарсаңында жоба кеңінен талқыланып, оның барысында азаматтардан 30 мыңдай ұсыныстар келіп түсті.

Мен басшылық еткен арнайы құрылған сарапшылық-сабағатшылык кеңес әр ұсынысты ізерлей зерделеп, мәтінді пысықтау барысында 1100 түзету ескерілді. Азаматтардың ұсыныстарына орай Конституция жобасындағы 99 баптың 55-і елеулі өзгерістерге ұшырады.

Референдумға қатысқан адамдардың 90 пайызға жуығы, ал бұл оған қатысуға құқы бар жеті миллионнан астам азамат деген сөз, жаңа Негізгі Заңымызды кабылдауды жақтады. Сайып келгенде, оның авторы күллі Қазакстан халқы деп айтуға толық негізіміз бар. Сірә, "Көптің аузы киелі" дейтін халық мақалы осыған дөп келсе керек.  
Халық өзінің егемен құқын пайдаланып, қабылдаған Конституция қол сұғылмас қасиетке, жоғары заңдық қана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болады, сөйтіп ол қазақстандық патриотизмді тәрбиелеудің іргетасына айналады.

Конституциялық құрылыстың осынау кезеңінде біз алдымызға аса күрделі, сан қырлы, әрі барынша жауапты міндеттер қойдық. Біріншіден, жаңадан құрылған мемлекеттігімізді, мемлекеттік билік пен басқарудың күллі жүйесін жан-жақты нығайту керек еді. Екіншіден, экономикамызды түбегейлі реформалау мен оны терең дағдарыстан шығарудың қауырт проблемаларын шешу қажет болды. Үшіншіден, оған сындарлы сыртқы саясат жүргізу міндетін косыңыз. Төртіншіден, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету керек еді. Сайып келгенде, өркениетгі әлемде азаматтардың жалпыға танылған құқықтары мен бостандықтарын орнықтыруға, демократиялық институттарды дамытуға қатысты міндеттердің бәрін шешуге тиіс болдық.

Бүгін, арада бес жыл өткеннен кейін, өзіміз алдымызға қойған міндеттерді біз іске асыра білдік деп айтуымызға әбден болады. Бұған көбіне-көп "қатаңдар" санатына жатқызуға болатын Негізгі Заң қабылдауымыз жәрдемдесті деуім керек, бұлай атауға оған өзгерістер мен толықтыруларды оның өзі ерекше, әрі қатаң шектейтін жағдайларда ғана енгізуге ғана мүмкіндік берілетіні себеп болып отыр. Бұл сол кезде аса ділгір мәселе еді, қазірде де өзінің көкейкестілігін сақтап отыр. Себебі, мемлекет құрылыс, экономикалық үлгіні таңдау, басымдықтарды бағамдау хақындағы пікірлер тым ала-құла еді. Саяси сайыс қызуының шығандап кеткені сонша, оны саясатта да, экономикада да бірыңғай «ойын тәртібін» белгілеу арқылы ғана сындарлы арнаға түсіруге болатын еді.

Қазақстан халқы Конституцияға дауыс беру арқылы сол уақытта объективті тұрғыда орнықкан президенттік басқару нысанын бекемдеп берді. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Ол алдыңғы тарихымыз бен бүгінгі болмысымыздан, қандай да бір әлеуметтік экономикалық дағдарыстарға немесе биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы алауыздыққа байланысты ауытқушылықтарға жол бермейтін қуатты топтасқан билік жүйесінің қажетгігінен туындады.

Президенттік басқару нысанының ауқымында Мемлекет басшысының мәртебесі оның "ахуалды" меңгеруіне, сөйтіп Қазақстан жағдайында мемлекеттік билік органдарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етуге, қоғамды ойдағыдай және түпкілікті реформалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қуатты әлеуметтік жіктеліс жүріп жатқан кезде көп ұлтты әрі көп дінді қоғамда азаматтық татулықтың, қоғамдық тұрақтылыктың және ұлтаралық келісімнің кепілі Президент сынды тұлғаның болуы өмірлік мәнді мәселеге айналады. Ол сонымен қатар өкіметтің өзін тағайындап отырған халықтың алдындағы жауапкершілігін көтерудің де ұтымды құралы.

Біз мемлекеттік биліктің заңнамалық атқарушылық және сот тармақтарынын ара жігін ажыратудың конституциялық күрделі міндетін шеше білдік. Бір жағынан олардың тығыз ынтымақтастығын қамтамасыз ететін, екінші жағынан олардың Конституция мен заңдарда белгіленген өзара тежегіш, бірінің құзыретіне бірінің араласуына жол бермейтін тетігі сомдалды. Бұл ретте билікті ажырату принципіне кереғар келетін - "билік бөлінісіне" ұрынуға жол бермеудің маңызы ерекше болды, мұның өзі, керісінше, билік тармақтарының бір-біріне қарсы тұруын, билік басындағы жекелеген адамдардың тайталасын ушықтыра түсер еді.

Өткен уақыттың ішінде бізде үкіметтік немесе парламенттік дағдарыстардың туындамағанын да айта кеткен орынды. Биліктің тұрақтылығы реформаларды жүргізудің жоспарлылығын, кезеңдерін, биліктің әр тармағындағы саясат сабақтастығын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде коғамда саяси тұрақтылық сакталды.  
Қазақстанның біртұтас халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылатыны біз үшін ақиқатқа айналды, демек оның мүддесіне қызмет ету үшін өкімет өзінің табиғаты мен мақсаткерлігі тұрғысында әрі қуатты, әрі үйлесімді болуға тиіс. Бұл әлемдік үрдістерге сай келеді.

Осы заманғы әлемдік іс-тәжірибеде билік қатынастарын орнықтырудың жаңа үлгісінің көрініс бере бастағаны кездейсоқ емес. Еуропа Кеңесінің кесімдерінде жария етілген шарттастық принципі биліктің мемлекетаралық, мемлекеттік, аймақтық және өңірлік деңгейде бірін-бірі толықтыратын, өзара алмастыратын принциптерін бейнелейді. Айталық, Жергілікті өзін-өзі басқару хартиясы мен Аймақтық басқару хартиясы жобасының қағидалары осындай. Сондықтан да өзіміздің мемлекеттік құрылысымызда біз жана түжырым-дамаларды бейнелейтін тетіктер жасауға ден қоямыз.

1995 жылғы Конституциямыз экономикалық реформаларға тың серпін беріп, Үкімет қызметі үшін нарықтық қатынас талаптарына сай келген және сай келетін заңнамалық негіздің және заңнамалық өрістің жасалуын қамтамасыз етті. Мәселен, Конституция мемлекеттік те, жекелік те меншіктің бірдей корғалуына кепілдік береді. Біздің еліміз үшін жерді жеке меншікке жатқызу мүмкіндігін конституциялык тұрғыдан бекемдеудің маңызы ерекше.

Бүгінгі күні әжептәуір оңды нәтижелерге қолымыз жетті десек, мұнымыз ешқандай асыра айткандық емес. Басты жетістіктеріміздің ішінде макроэкономикалық тұрактылықты, инфляцияны толық тежеуді, тиімді қаржы-кредит жүйесінің қалыптасып, меншік қатынастарының тұрақтанғанын, жекешелендірудің кезең-кезеңімен ойдағыдай жүргізілгенін атаған жөн. Әсіресе, инвесторлардың сеніміне ие болғанымызды айырықша айту қажет. Қазақстан бүгінгі күні ұлттык экономикаға шетел капиталын тарту жөнінен үздік көрсеткіштердің біріне ие. Өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсе бастады. Ауыл шаруашылығы жанданып келеді. Әлеуметтік реформа табанды да жоспарлы жүргізіліп келеді.

Бүгінгі күні біздің Конституциямыз бен заңдарымыз адам игілігіне жұмыс істеумен қатар, онын шығармашылық, жасампаздық қуатына серпін беріп, кәсіпкерлік бастамашылығын ынталандырады деп айтуымызға толық негіз бар.

Жаңа Конституциямызда азаматтардың конституциялық құқыктары мен бостандығы айқын тұжырымдалып, оларға нақтылы кепілдік берілді. Негізгі заңда адамның қадір-касиеті, онын құқықтары мен бостандығы туралы қағидалардың баянды етілуі әрбір азаматты қорғауға деген ұмтылыстан туындап отыр. Бүл ұмтылыс, әсіресе, Қазақстанға өте-мөте ділгір дүние, өйткені мұнда "еркімен ұжымдастыру" дегеннің барысында миллиондаған қазақтар қырылып, түрлі ұлттардың сан мыңдаған азаматтары атылып, айдалып, тұтас халықтардың жаппай қоныс аударылғаны мәлім.

Біз осы құндылыктарды нақтылы мүмкіндіктермен қамтамасыз етпей, жадағай марапаттаудан арылдық. Баршаны және әркімді "шағын да болса теңгерілген" жалақымен қамтамасыз ету тәжірибесі, денсаулық сақтау мен білім беру мәселелерінде нарықтық қатынастардың осы салалардың ілгері жылжуына кедергі болып келген мемлекеттің жөн-жосықсыз басалқалығы біртіндеп жоғала бастады.

Басқаша айтсақ, Конституциямызда осы заманғы нарықтық экономиканың адамның өз еңбегінің нәтижесіндегі нақты үлесіне (нәтижесіне) қарай онын сан түрлі мүддесін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін алға тартатын принциптеріне сәйкес азаматтардың конституциялық құқыктырының, бостандығы мен міндеттерінін мәнісі мен мазмұны пайымдалып отыр. Бұл ретте мемлекет тегін әлеуметтік қамтудың ең қажетті төменгі деңгейіне кепілдік береді. Қазақстанда қазіргі қолданылып жүрген Негізгі Заңнын қабылдануына орай азаматтардың өз мүмкіндіктерін іске асыруы үшін сапалық жаңа құқықтық кеңістік қалыптасып, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін кең өріс ашылды. Экономикалық бостандық идеологиялық және саяси саналуандық баршаның заң алдындағы теңдігі — Қазақстанның құқықтық дамуының негізгі басымдықтары, міне, осылар. Конституция демократиялық институттарды асыра пайдалануға жол берілмейтінін ескертеді, сөйтіп конституциялық құрылысты күштеп өзгертуте, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға тыйым салады. Негізгі Заңның қоғамда конституциялық заңдылықты, тұрақтылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге бағытталған қорғаушылық уәзипасы, міне, осыдан айқын көрініс береді.

Біз мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың міндеті Конституцияның бойындағы қуатты әлеуметтік әлеуетті барынша іске асыруда деп білеміз.

Қолданыстағы Конституцияда Шарль Луи Монтескьенің билікті ажырату, әрі бұл тұжырымға міндетті емес, бағдарлаушы сипат беру жөніндегі белгілі доктринасы жаңаша пайымдалады. Мемлекеттің біртұтас уәзипаларын орындай келіп, оның органдары бірлесіп іс-қимыл жасауға, бірін-бірі толықтырып отыруға тиіс. Астам билік тармақтары болуға тиіс емес және олардың болмауы керек, олар дараланып ажыратылмауға тиіс, олай болғанда тежеу мен теңдестіру жүйесі бұзылады. Билік біртұтас, оны іске асырудың уәзипалары мен өкілетіктері ғана бөлек.

Әртүрлі алыпқашпа пайымдауларға қарамастан, мемлекеттік басқаруды айқын жүйелеуге мүмкіндік берген біздің Конституциямыз, бір қарағанға "қатал" болып көрінгенімен, демократиялық институттар құруға кедергі келтірмегені былай тұрсын, қайта оларды қолдап, көтермелеп отырады. Негізгі Заңға 1998 жылы енгізілген түзетулер де, міне, осыған бағытталды. Мұны, тегінде, биліктің қолданылып жүрген институттарын демократияландыруға — Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, жекелеген санаттағы басшылардың, соның ішінде аймақтағы басшылардың сайланбалылығына байланысты, сондай-ақ саяси партиялар мен қозғалыстардың қызметіне, азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің ел өміріне белсене қатысуына байланысты да айтуға болады.

Бұған мысал ретінде Конституциямызға сәйкес құрылған екі палаталы Парламентті айтуға болады, әлбетге, өкілетті органнын заң шығарушылык аясы шексіз емес, ол қоғамдық қатынастардың ерекше маңызды салаларын қамтиды. Бұл қатынастардың алуан рәуішті болып келетіні сонша, іс жүзінде қоғам мен мемлекеттің барша өмірлік мәнді мәселелері зандар арқылы реттеліп отырады.

Барлық билік тармақтары сиякты жоғары өкілді орган да өзінің құзыреті мен заңнамалық үрдістің негіздерін белгілеп, реттеп отыратын Конституцияның рухы мен қағидаларына бағынады.

Заңнамалық ресімдердің көпсатылылығы және қатаң шектеулі жүйесі жұмыс сапасын арттырудың қосымша кепілдігі болып табылады. Мынаны да есте ұстау керек, әлбетте Парламенттің өзінің айқын бейнелеген құқылықтары арқылы еліміздің саяси жүйесін парламенттік республикаларды дүрбелеңге салып жүрген тұрақсыздықтан сақтандыра алатынын ескеру қажет. Басқаша айтқанда, Қазақстан Парламенті әлеуметтік тыныштық пен саяси күштердш арасалмағын тенестіру құралына айналып отыр.  
1998 жылдың күзінде Парламент қабылдаған Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жоғары өкілді органнын мемлекетгік билік жүйесіндегі маңызын, рөлі мен орнын айқындап берді. Жүйеге келтірілген конституциялык низамдар еліміздің заңнамалық органы қызметінің тегеурінін, онын депутаттарының кәсіпқойлығын арттыруға бағытталды.

Парламенттің заңнамалык құзыретінің аясын айқын белгілеу заңнамалык биліктің неғұрлым тиімді жұмыс істеуіне қажетті алғышарттар жасап, заң шығару жұмысының пәрменділігі мен сапасын арттырады, оны қатаң конституциялық негізге қояды. Ал, мұның өзі, өз кезегінде, еліміздегі конституциялық заңдылық тәртібін нығайтады. Өркениетті коғамда Парламенттің қолындағы ықпал ету мен бақылау жасаудың ең қуатты құралдары ұтымды заңдар қабылдау, мемлекеттік бюджетгі бекіту, Үкімет қызметінің бағдарламасын мақұлдау немесе қабылдамай тастау, Үкіметтің осы бағдарлама бойынша Парламентке есептілігі, Премьер-министрді тағайындауға келісім беру, сенімсіздік білдіру, Парламент палаталарында үкімет мүшелерінің есептерін тыңдау және Президентке оларды қызметтерінен босату жөнінде ұсыныс жасау болып табылады. Сөйтіп, барлық бақылау жасау өкілеттіктері біздің Конституциямыз бойынша Қазақстан Парламентінің қолына беріліп отыр.

Мұның үстіне, Ұлттық Банктің төрағасын, Бас прокурорды, ҰҚК-нің төрағасын, Жоғарғы Соттың төрағасы мен судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерін, сондай-ақ Конституциялық кеңестің құрамынын көпшілік бөлігін тағайындау сияқты негізгі кадр мәселелері де Парламенттің немесе оның палаталарының тоқтамды, шешуші сөзінсіз жүзеге аспайды. Осылайша, Қазақстан Парламентінің конституциялық өкілеттігі қазіргі жағдайда барынша ауқымды болып отыр.

Бұрынғы қолданылып келгеніне карағанда, 1995 жылғы Конституция жаңа институттар мен низамдар енгізді. Бұл арада әңгіме Парламенттің екі палаталы құрылымын, Конституциялық кеңес тағайындау, қолданылып жүрген құкық көздерінің арасалмағын айқындау. соттардың біртұтас жүйесін құру, биліктің сот тармағының тәуелсіздігін қамтамасыз ететіндей деңгейде оларды жасақтаудың жаңа тәртібі жайында болып отыр.

Бізде құқықтық мемлекет қалыптастыру процесі енді ғана күш алып келеді, сондықтан да біз үшін құқықытық жүйенің, соның ішінде сот жүйесінің тиімділігін арттыру маңызды мәселе болып табылады. Оның үстіне бұл процестер бір-бірімен өзара байланысты әрі өзара тығыз қарым-қатынаста болып отыр.Ұтымды экономика, жетік құқықтық база болмайынша, әділ де адал соттың болуы да мүмкін емес. Өз кезегінде, нарықтық кұқыктық жүйені қалыптастыру, Конституция мен заңдарды мемлекеттік аппаратқа, барлық азаматтар мен заңды тұлғаларға мүлтіксіз орындату арқылы ғана экономиканы өркендетуге болады.Заңды қастерлемейінше, құқық пен сот жүйесін ұлықтамайынша, Қазақстанда тиімді экономиканың болуы мүмкін емес. Бұл жұмыста бәрі-бәрі де мәнді: құқықтық лайықты негіз қалау да, Конституцияны қадағалайтын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын заңды биліктің ұшар биігіне сотты орнықтыру да, сондай-ақ, заңға ғана бағынатын, сот шешімдерін жылдам әрі мүлтіксіз орындайтын, білікті әрі адал қызметкерлер істейтін сапалы сот жүйесін жасақтау да аса маңызды.

Менің құқыктық мемлекетте азаматтарды Президент те емес, аймақтың басшысы — әкім де емес, министр де емес, сот қорғауы керек екеніне күмәнім жоқ. Барлық сот және құқық қорғау жүйесі өзінің басты мұраты — азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті.  
Конституциямыз қолданылып келе жатқан бес жыл еліміздің Ата Заңының өміршеңдігін, орнықтылығын, нарыктық және демократиялық мәнісін барынша ашып көрсетті. Осы уақытта тындырылған істерге сын көзімен қарап, әділін айтсақ, Конституцияның бойында жатқан әлеует әлі де әлсіз пайданалып келеді.

Өкінішке қарай, көптеген мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар, соның ішінде соттар мен құқық қорғау органдары Конституцияның мән-мақсатын терең пайымдау үшін, ең бастысы — оның қағидаларын барлык азаматтардың мүлтіксіз орындауы үшін қолдан келетіннің бәрін істеген жоқ. Жалпы жұртшылықтың санасында Конституцияның біздің өміріміздегі рөлі мен орнын жете бағамдау әлі де толық орныққан жоқ. Осыған орай құқықтық білім беру мен оқыту жүйесін құрудың маңызы айрықша арта түседі.

Бізде әлі де құқықтық енжарлық еңсерілген жоқ, әрі біз одан барлық деңгейде, өз жұмыстарын қайта құра алмай келе жатқан, соның салдарынан көптеген заңдарды, Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулыларын сүлесоқ орындап отырған министрліктер мен ведомстволардан бастап, "заңды білмеу мені жауапкершіліктен құтқарады" дегенді әдетіне айналдырған жекелеген азаматтарға дейін әлі де арыла алмай келеміз.

Сондықтан да мен біздің бәріміздің де Конституцияны жете білуге тиіс екенімізді тынбастан қайталаумен келемін. Алайда адамдарға кең құқықтар мен мүмкіндіктер бере тұра, Конституцияның өзі де азаматтық қолдау мен қорғауға зәру.

Ең бастысы, кім екеніне қарамастан, әр адам Конституция қағидаларын қатаң сақтауға міндетті. Біздің бәріміздің заңды білуіміздін маңызы зор. Ал оларды орындауымыздын маңызы одан да зор. Онысыз біздің өркендеген мемлекет орнатамыз, елімізде тәртіп орнатамыз деген ниетіміздің бәрі бекер.  
Мемлекет құру ісі - үздіксіз процесс, ол мемлекет канша өмір сүрсе, сонша уақыт жүргізіле бермек. Әлбетге, өмірдің өзі оған өзгерістер енгізуді, соның ішінде конституциялық өзгерістер енгізуді талап етуі ықтимал. Бірақ бір мәселенін басы ашық, Қазақстан Республикасының Конституциясы өзі өмір сүрген бес жылдын ішінде өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеді, оның басты қағидалары бүгін де көкейкесті қалпында қалып отыр.

"Қазақстан-2030" стратегиясында атап көрсетілгендей: "Аса ауыр жағдайларда жинақталған мемлекеттілік құру, саяси және экономикалық реформалар жүргізу тәжірибесі, әлем және оның дамуы туралы білім-білігіміз, қазақстандықтардың төзімділігі мен түсінушілігі бізге қосымша күш-қуат пен сенімділік үстейді". Біздің еліміздің болмыс-бітімін бейнелейтін саяси тұрақтылық, ұлтаралық және азаматтық келісім көкейімізге Конституция рухының шындыққа айналатынына деген нық сенім ұялатады. Еліміздің негізгі Заңы біз үшін алдағы уақытта да өзіміздін биік максатымыз — мемлекеттердің әлемдік коғамдастығына енген, азаматтарының дәулетті лайыкты өмір сүруіне барлық жағдай жасалған тәуелсіз экономикалық өркенді мемлекет құру жолындағы ілгері басуымызды реттейтін негіз қалаушы басты құжат болып қала береді.