Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
22.01Бұл күні:
2008

Мақалалары

«Российская газета» , 5 қазан, 2012 жыл

Қазақстан мен Ресей ХХІ ғасырда: ортақ құндылықтар негізіндегі мәңгі достық пен одақтастық

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

Дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 20 жылдығын Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптестер, ең жақын одақтастар және достар ретінде қарсы алуда.

2012 жылдың 19 қыркүйегінде екі ел Президенттерінің қолдауымен Павлодарда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ІХ форумының қо­ры­­тындылары да біздің елдеріміз арасы­н­дағы қарым-қатынастардың жоғары дең­гейін айғақтайды.

Екіжақты қарым-қатынастардың бұл сияқты алаңқайына ұқсас дүние   ТМД-да да, қалған әлемде де жоқ.

Міне, тоғыз жылдан бері, жыл сайын­ғы пішінде, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас қалаларының бірінде алма-кезек тек біздің екі елдің Мемлекет басшылары мен үкімет мүшелері ғана емес, сонымен бірге қазақстандық және ресейлік өңір­лер­дің, бизнес-топтардың басшылары, қалың жұртшылық өкілдері кездесіп тұ­рады.

Осы уақыттар ішінде Форумның географиясы шапшаңдықпен ұлғая түсті.

Бүгінде кең көлемді өзара тиімді өңі­раралық байланыстар жүйесі іс жүзінде бүкіл қазақстандық өңірлерді және Ресей Федерациясының 80-ге тарта субъек­ті­лерін қамтып отыр.

Осыған дейін өткен Қазақстан-Ресей өңіраралық форумдарының әрқайсыс­ы­ның күн тәртібіне көкейкесті мәселелер – шекара бойындағы сауданы және көлік транзиті әлеуетін  дамыту, ортақ шека­ра­лар­дың қауіпсіздігі, энергетика және жо­ғары технологиялар саласындағы ынты­мақтастық, төтенше жағдайларда бірлесе қимылдаудағы екі елдің өзара іс-қи­мылдары мәселелері енгізілді.

Павлодар  форумында инновациялық қызметтестік пен Қазақстан мен Ресейдің өндірістік кооперациясы тақырыбы тал­қыланды.

Іскер топтар кездесуі шеңберінде 30-ға тарта келісімдерге, соның ішінде, жал­пы сомасы шамамен 2 миллиард дол­лар­ды құрайтын нақты жобаларға қол қойыл­ды. Өңіраралық форумға орайласты­рыл­ған халықаралық көрмеге 173 компания қатысты, олардың 75-і қазақстандық, 98-і ресейлік компаниялар.

Осының бәрі ырғақтылықты, өзара сенімнің тереңдігін, іскерлік көңіл-күйді және біздің елдеріміздің тату көршілігі мен ықпалдастығының кең ауқымды перс­пективаларын бейнелейтін қазіргі за­манғы Қазақстан-Ресей қарым-қатынас­тарының тек бір күнінің ғана нәтижесі.

Қазақстан мен Ресейдің екі онжыл­дық­тағы жемісті қарым-қатынастары оның біздің халықтарымыздың мүддесі тұр­ғысында сенімді және сабақтаса дамуы үшін берік негіз қалады.

Біріншіден, өз тарихында алғаш рет Қазақстан мен Ресей тек өткен тарихы­ның ортақтығымен ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық өңір мен әлемнің қазіргі және болашақ дамуын бірдей болжауымен де көршілес тәуелсіз мемлекеттер, БҰҰ-ның толыққанды мүшелері ретінде өзара қарым-қатынастар қалыптастырды.

Екіншіден, КСРО ыдырағаннан кейін мемлекетаралық бөлінудің іс жүзінде барлық мәселелері бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, сындарлы негізде шешім тапты.

Бүтіндей алғанда, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары тек ТМД елдері үшін ғана тартымды модель емес, сонымен бірге, ХХІ ғасырда мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастар қалай дамуы керек дегенге көрнекі үлгі де бола алды.

Үшіншіден, түрлі салалардағы 480-нен астам келісім-шарттар мен келісімдерден тұратын екіжақты қарым-қаты­нас­тар­дың көлемді құқықтық базасы құрылды.

1992 жылдың 25 мамырындағы Қазақ­стан мен Ресей арасындағы достық, ын­тымақтастық және өзара көмек туралы ке­лісім-шарт осымен екінші рет келесі 10 жылдық мерзімге өздігінен ұзартылып отыр.

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекара­сы туралы келісім-шарт бекітіліп, оны демаркациялау жөніндегі жұмыстар оң сипатта жүргізілді.

1998 жылы қол қойылып, ХХІ ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық және одақтастық туралы тарихи декларация іс жүзінде жүзеге асты.

Төртіншіден, Қазақстан мен Ресейдің екіжақты өзара іс-қимылдары мен ықпал­дастығы екіжылдық Бірлескен іс-қи­мылдар жоспары негізінде дамуда.

2007 жылдан бастап осындай екі жоспар жүзеге асты, ал биылғы жылы 2011-2012 жылдарға арналған Жоспарды орындау аяқталып келеді. Қазір екі ел сарапшылары алдағы жылдарға арналған жоспардың жобасын әзірлеуде.

Бесіншіден, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары бағыттардың кең ауқымды кешені бойынша табысты әртараптан­ды­рылған және іс жүзінде ықпалдастықтың барлық маңызды салалары – сауда-эко­номикалық, инвестициялық, өңіраралық, саяси, әскери-техникалық ж.т.б. сала­лар­ды қамтиды.

2011 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 24 миллиард долларды құрады.

1700 Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіп­орындары табысты жұмыс істеуде.

Екі елдің арасындағы келісімдер мен уағдаластықтардың жүзеге асуын бақы­лай­тын екіжақты Үкіметаралық комиссия жұмыс істейді.

Қазақстан-Ресей арасындағы байла­ныс­тар ғылым мен инновациялар, еура­зия­лық көлік инфрақұрылымы, біртұтас энергетикалық кеңістік құру саласындағы ынтымақтастық сияқты перспективалы салаларда қарқын алуда.

Екі онжылдықта Ресейдің әскери жоо-ларында 4 мыңнан астам қазақстандық офицерлер даярланды.

Әскери және әскери-техникалық ын­ты­мақтастықтың түрлі аспектілері бой­ын­ша 60-тан астам бірлескен келісімдер жүзеге асырылуда.

Алтыншыдан, Қазақстан мен Ресей іс жүзінде ортақ рухани-өркениет өлше­мін­де өмір сүруде.

Ғылыми білім беру, сол сияқты, гу­ма­нитарлық мәселелер жөніндегі Қазақ­стан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдар аясы кеңеюде.

Шамамен 20 мыңдай қазақстандық жас азаматтар Мәскеудің, Санкт-Петер­бургтің, Омбының, Екатеринбургтің, Новосібірдің, Томның және Ресейдің басқа да бірқатар қалаларының жоо-ларында білім алуда.

Ресейдің көршілес өңірлері жас­та­рының қазақстандық жоо-ларда жоғары білім алуға мүмкіндіктері бар.

Ресей тарабы қызметтері Ресеймен, оның жекелеген өңірлерімен бай­­ла­ныс­­ты болған қазақ халқының  даңқты қай­раткерлерінің есімдерін мәңгілікке қал­дыру туралы Қазақ­стан­ның ұсы­ны­сын әр кезде де түсіністікпен қабыл алады.

Өз кезегінде, біз осыған дейінгі дәуірлерде еліміздің дамуында өз ізін қалдырған көптеген ресейлік ғалымдар мен жазушыларға, мәдениет және өнер қайраткерлеріне зор құрмет көрсетеміз.

Қазақстанда мемлекеттік қазақ тілімен тең қолданылатын орыс тілін еркін пайдалануға конституциялық және заң­дық кепілдік берілген.

Осы аталғандардың бәрі – ХХІ ғасырдағы екі елдің достығын, тату көрші­лігі мен одақтастығының тамаша қорытындысы және сонымен бірге одан әрі даму үшін берік база.

Бұл қарым-қатынастар өзім зор құрметпен қарайтын Ресейдің бірінші Президенті Б.Н.Ельциннің кезінде-ақ қалыптасқан. Елді тоталитаризмнен ли­бе­ралды экономика мен саясатқа бұра отырып, оның дамудың бүгінгі векто­рын қалағанын Ресейдің әркезде де есте сақтайтынына сенімдімін.

Қазақстан мен Ресей жүріп өткен 20 жылдық жолға баға бере отырып, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің ХХІ ғасыр­дағы біздің екіжақты қарым-қаты­нас­тарымыздың табысты дамуына қосқан та­маша тарихи үлесін атап көрсетуді өзімнің борышым санаймын.

Біздің бірлескен жұмыстарымыздың 20 жылы – ол Қазақстан мен Ресей қа­рым-қатынастарындағы «алтын мү­шел» (шығыстың халық календары бой­ынша 12 жылдық өмір циклі – ред. ес­кертуі). Бұл кезеңдер біздің елдері­міздің ара­сын­да ХХ ғасырдың 90-жылда­рын­да бекітілген келісімдер мен уағда­лас­тықтардың терең мазмұ­нымен толықты.

В.В.Путиннің саяси ерік-жігері мен көрегендігі екіжақты қарым-қатынас­тар­дың барлық аспектілері бойынша табыстың шешуші факторына айналды.

Мәселен, экономикалық ынтымақ­тас­тық саласында Каспийдің мұнай байлығын бірлесіп талдауда, Каспий құбыр консорциумының қуатын 2015 жылдан бастап 67 миллион тоннаға дейін ұлғайтуда, ресейлік компания­лар­дың қатысуымен Қарашығанақ газ кен орнын игеруде айтарлықтай қадамдар жасалды.

Екібастұздағы ең ірі көмір кен орны мен электр стансасының құрылысы бірлесіп  игерілуде.

Электр энергиясының ортақ ры­но­гын қалыптастыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспары жүзеге асыры­луда. Уран өндіру жөнінен 3 бірлескен Қазақстан-Ресей кәсіпорны құрылып, жұмыс істеуде.

Біздің ынтымақтастығымыз Ресей­дің экс-президенті Д.А.Медведевтің мүд­де­лі қатысуымен де жалғасып, дами түсті. Мәселен, ядролық энергияны бей­біт мақ­саттар үшін өндірудің бір­тұ­тас циклін қалыптастыру, атом энер­ге­ти­касы саласындағы бірлескен компаниялар құру жөнінен жұмыстар басталды.

Таяу болашақта біздің экономи­ка­ла­рымыздың бірлесіп технологиялық серпіліс жасауын қамтамасыз етуді көз­дей­тін құрылым ретінде  Қазақстан-Ресей Нанотехнологиялар қоры құ­рылды.

Біз ғарыш саласындағы, соның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағында  «KAZSAT» байланыс спутниктері серия­ларын ұшыру, ГЛОНАСС жүйесін бір­лесіп, пайдалану бойынша ынты­мақтастықты дамытудамыз.

Павлодар форумында Қазақстан әріптестіктің жаңа алаңын – Байқоңыр инновациялық форумын құруды ұсын­ды, және бұл бастама Ресей Президентінен тұтастай алғанда қолдау тапты.

ТМД кеңістігінде ықпалдасу ісінде біз «сөз онжылдығынан» «іс-қимыл он­жыл­дығына» көше алдық.

Мұндай ықпалдасу Ресейдің, В.В.Пу­­тин­нің батыл қолдауынсыз мүмкін болмас еді.

2000 жылы Еуразиялық экономи­ка­лық қауымдастық құрылып, ойдағыдай жұмыс істеуде.

2010 жылы Қазақстан мен Ресей Белоруссиямен бірлесіп Кеден одағын құрды. Бұл Д.А.Медведевтің белсенділігімен  жүзеге асты.

Қазір біз Біртұтас экономикалық ке­ңістік қалыптастыру ісімен айна­лы­су­да­мыз. Үш мемлекеттің Еуразиялық эко­но­микалық комиссиясы құрылды және ойдағыдай жұмыс істеуде.

Мен 1994 жылы тұңғыш рет ұсын­ған Еуразиялық экономикалық одақ идеясы қазір қазақстандықтардың, ресей­ліктер­дің және белорустардың эли­талық ор­та­сында да, қалың көпшілік арасында да түсіністікпен қабылда­ну­да. Оны ТМД-ның бірқатар басқа елдері де қолдап отыр.

Біздің В.В.Путинмен экономикалық прагматизм, теңдік, өзара тиімділік және бір-біріміздің мүдделерімізді құр­мет­теу принциптеріне негізделген ин­те­­грациялық үдеріске көзқарасымыз ұқсас екенін атап өткім келеді.

Сондықтан да бүгінгі таңда Қазақ­стан мен Ресей ХХІ ғасырдың ең перс­пек­тивалы үдерісі – Еуразиялық ықпал­дастықтың ұйытқысы болып табылады.

Біздің елдеріміз Белоруссиямен бірлесе отырып қазірдің өзінде 2015 жылы экономикалық ықпалдастықтың мейлінше тығыз формасына – Еуразиялық эко­номикалық одаққа көшу жоспар­ла­рын межелеп отыр. Мен бұл үдерістің де жемісті болатынына сенімдімін.

Қазақстан мен Ресей басшылы­ғы­ның аймақтық және ғаламдық қауіп­сіздік мәселелеріне бірдей көзқараста екенін атап өтудің маңызы зор.

Мен Ресей Президенті В.­В.Пу­тин­нің және басқа да ТМД елдері көшбас­шы­ла­ры­ның принципті қолдауы Қазақстан­ның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғы туралы мәселені шешуде сал­мақ­ты негіз болғанын ризашылықпен еске аламын.

Бүгінгі таңда біз Ресеймен және бас­қа да серіктестерімізбен бірге АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты аймақтық тұрақ­тылық пен қауіпсіздіктің шешуші тетіктерін нығайту бағытында белсенді жұ­мыс жүргізудеміз. Бұл істе де Қазақстан мен Ресейдің пікірі бірдей.

12 жылдың ішінде В.В.Путинмен әртүрлі ресми форматтарда және «галстуксіз» көптеген кездесулеріміз болды. Біз телефонмен ұдайы сұхбаттасып, екі­жақты қатынастардың, аймақтық және ғаламдық саясаттың көкейкесті мәсе­ле­лерін талқылап отырамыз.

Мен онымен Ресей Федера­ция­сы­ның Президенті ретіндегі бірінші кездесуімді ерекше жылылықпен  еске аламын.

Сол 2000 жылы бүкіл әлем «Who is mister Putin?» деген сауалға жауап іздеп жатқан кез еді. Бұл сауалдың жауабы біздің бірінші  әңгімемізден кейін-ақ ма­ған барынша айқын бола түсті.

Мен оны Ресейдің тарихи ұлылы­ғы­на лайықты саяси көшбасшы ретінде таныдым.

Менің алдымда өз елі мен халқы­ның мүд­делерін бәрінен де маңызды санай­тын жігерлі, адал және принципті саясаткер отырды.

Егер ол сөз берсе, оны орындайды. Мен мұны білемін. Бұл осындай ауқым­дағы саясаткер үшін маңызды қасиет.

Сонымен бірге ол барлық әріптес­тер үшін қарапайым, менмендігі жоқ, ізгі ниетті адам болып қала береді. Мұндай адаммен дос болудың өзі бір ғанибет.

Ол Ресейдің аса ұлы жауап­кер­ші­лігінің жүгін көтеруге толық дайын және қабілетті ХХІ ғасырдың жаңа көшбасшысы.

В.В.Путин Ресейді жаңа жүзжыл­дық­қа батыл бастап келеді. Осы жыл­дар ішінде ол өзінің сайлауалды бағдар­ла­маларында елді дамытудың нақты жол­дарын ұсынды, сондай-ақ елдің бірлігін және оның халықаралық беделін ны­ғайтты, терроризм мен сепаратизмге аяусыз соққы берді.

Ол Ресейді халықтың әл-ауқаты мен игілігін көтеруге бағытталған ірі әлеу­меттік жобаларды жүзеге асыру, эконо­микалық өсу жолына шығарды.

Оның саясатының арқасында Ресей Федерациясы әлемнің неғұрлым ырғақ­ты дамушы еліне айналды, жауапты ға­лам­дық ойыншы қасиеттерін таныта оты­рып, әлемдік саясатта лайықты орын алды.

Мен оның мақсаткерлігін және ке­ліс­сөздердің ең күрделі аспектілеріне те­рең бойлайтынын, шешімдер қабыл­дау кезінде серіктестіктердің ұстаным­да­рын түсінетінін және ескеретінін жоғары бағалаймын.

Аумағы және мәдени сан-алуан­ды­ғы жағынан әлемдегі ең үлкен дер­жа­ваны басқару оңай емес.

Ол айрықша саяси дарын мен шеберлікті талап етеді.

Өзімнің жеке саяси тәжірибемді ескере отырып, жақсылықтарға қарай нақ­ты бетбұрыстар жасалғанда қоғам­ның бір бөлігінде оны жеделдету тілегі пайда болатынын білемін.

Біз бүгінгі таңда Ресейде және басқа көптеген елдерде осындай үрдістің анық байқалатынын көріп отырмыз.

Бірақ, барлық уақыттарда жауапты саяси көшбасшының міндеті кезең-ке­зең­мен дамуды қамтамасыз ете оты­рып, бұрын  жасалғандарды бүлдіріп алуға жол бермеу, мемлекет негізінің беріктігін шайқалтып алмау болып та­былады.

Елде тұрақтылық болмайынша, қо­ғам дами алмайды. Байқасаңыздар, бү­гін­гі таңда әлемде мұндай мысалдар көп.

Он екі жыл бұрын В.В.Путин ға­сырлар жолайрығында тұрған Ресей үшін үмітке айналды.

Қазір ғаламдық трансформация­лану­дың күрделі жағдайында оның айрықша тарихи рөлі анық көрінеді.

Мен бұл жолдарды Қазақстан үшін тек қана көрші ел емес, басты эконо­ми­калық серіктес, тең құқықтық және сенімді одақтас мемлекеттің көшбас­шысы туралы жазып отырмын.

Мен Ресей халқының досы ретінде барлық ресейліктерді өз көшбасшысы төңірегіне топтасуға және тарихтың осы бір бетбұрысты кезеңінде өз Ота­нының игілігі үшін еңбек етуге шақырамын.

Мұнсыз даму, қарапайым адамдар­дың тұрмысын жақсарту мүмкін емес. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін.

Қазақстан халқы бірліктің, келісім мен тұрақтылықтың арқасында тамаша табыстарға қол жеткізді, тақыр жерде мемлекет құрып, оны бүкіл әлемге танымал етті.

Мен мұны кездейсоқ жазып отырған жоқпын. Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы дипломатиялық қатынастардың ор­нағанына 20 жыл және Владимир Владимирович Путиннің 60 жылдық мерейтойының саяси күнтізбеде қатар келуі елеулі оқиға.

Қазақстан өзінің тату көршісі және одақтасы ретінде қазіргі Ресейдің та­быс­тарына қуанады.

Мен өз халқымның атынан Владимир Владимировичті 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған ойға алған мақсаттарының орындалуын және мықты денсаулық тілеймін.

Күшті де тұрақты Ресей – бұл бар­лық ТМД-ның, Еуразияның, сондай-ақ, тұтастай алғанда, ғаламдық халықара­лық қатынастардың тұрақтылығының не­гізгі шарты.

Мен Қазақстан Республикасының бар­лық азаматтарының атынан Ресей­дің ұлттық көшбасшысына және ол арқылы күллі Ресей халқына дамуда жо­ғары қарқын мен сенімділік, ресей­лік­тердің игілігі барлық біздің айма­ғы­мыздың тұрақтылығы мен өркендеуі жолында алға қойылған барлық мақсат­тарда жетістіктерге жетуді тілеймін.

Менің осы тілектеріме біздің бар­лық көршілеріміз, Ресей Федерация­сы­ның шынайы достары мен әріптестері толық қосылатынына сенімдімін.

Қазақстан мен Ресейдің 20 жылдық қарым-қатынасы – бұл жол басы ғана.

Біздің одақтастығымыз бен тату көршілігіміздің болашағы үлкен, перс­пек­тивалары орасан зор.

Қазақтар «Туыс атадан, көрші Алладан», – дейді.

Біз Қазақстанда Ұлы Ресеймен ізгі ниетті қарым-қатынасымызды қашанда бағалап келдік және бағалай береміз.

Біздің қарым-қатынасымыз өзара бай тарихымызға негізделген және сан мәрте уақыт сынынан өткен.

Бүгінгі таңда біздің достығымыз эко­номикалық, мәдени және гумани­тар­лық байланыстармен, көптеген қазақстан­дық­тар мен ресейліктердің туыстық қа­рым-қатынастарымен нығая түсуде.

Мен өзімнің барлық отандас­тарым­ды және барлық Ресей азаматтарын екі­жақты қатынастардың мерейтойымен құт­тықтаймын және Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың мәңгілік, се­ріктестіктің ауқымды және өзара тиімді, одақтастықтың сенімді және берік бо­луы үшін қолдан келгеннің бәрін жа­сауға шақырамын.