Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
18.06Бұл күні:
2006

Мақалалары

«Егемен Қазақстан» , 27 наурыз, 2012 жыл

Қауіпсіз ядролық болашаққа жол сала отырып

Бұл мақала сондай-ақ «Нью-Йорк Таймстың» электронды нұсқасында да жарияланған.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

Ядролық терроризм біздің ал­дымызда тұрған аса ірі қатер­лердің бірі болып табылады. Егер террорлық топтар ядролық немесе радиоактивті қару жасау үшін материалға қол жеткізе алса, олар оны пайдаланбай қой­майды. Бұл өз кезегінде адам құр­бандықтары мен өлшеп болмайтын ауқымдағы зардаптарға әкеледі.

Міне, сондықтан әлем Құ­рама Штаттар мен Барак Обама­ға ядролық материалдар қауіп­сіз­дігі мәселелерін басым ба­ғыт­тардың қатарында күн тәр­ті­біне шығарып, 2010 жылы Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит өткізгеніне риза. Осы аптада мен Президент Обамамен және басқа да елу елдің көшбасшыларымен бірге Сеулде өтетін екінші саммитке қатысып, қол жеткізілген табыс­тар туралы ақпараттармен бөліспекшімін. Біздің алдымызда халықаралық ынтымақтас­тық­ты және ядролық материалдарды сақтау бойынша шаралар мен оның заңсыз саудасының алдын алудың одан арғы жолдарын қарастыру міндеті тұр.

Ядролық қатер тақырыбы қа­зақстандықтар жүрегінен терең орын алады. Төрт онжылдық бойы біздің аумағымызда ядро­лық сынақтар жасалып келді. Семей полигонында жабылу сәтіне дейін 116 жер үсті жарылысын қоса алғанда, шамамен 460 ядролық сынақтар жүргі­зіл­ді. Соңғы сынақ сәтінен бері қарай 20 жылдан астам уақыт өтсе де біз оның сұрапыл салдарын әлі де сезініп отырмыз.

Көптеген мың біздің отандас­тарымыз радиоактивті шөгінді­лер­дің әсері салдарынан денсау­лық­тары нашарлап, ерте көз жұм­ды. Ракпен ауыру және туа­біт­ті ақаулар зардап шеккен өңірде әлі де бүкіл ел бойынша көрсеткіштен жоғары. Ақыл-есі кем, жарымжан балалар күні бүгінге дейін туып жатыр.

Біздің еліміздің осынша­лық­ты қасіретті тағдыры Қазақстан халқының әлемді өзінің үлгісі және ықпалы арқылы ядролық қару қаупінен азат ету бойынша күш-жігер жұмсауының себебін айқын түсіндірсе керек. Қа­зақ­стандықтардың антиядролық кө­ңіл-күйінің зор болғаны сон­шалықты, тіпті бізге Семей полигонын осыдан 20 жыл бұрын Кеңес Одағының ыдырауы нәти­же­сінде еліміз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ жабуға мүмкіндік берді.

Тәуелсіздік алуымызбен біз әлеуеті жөнінен әлемдегі төр­тін­ші ядролық державаға айнал­дық. Біздің егемен мемлекет ре­тінде жасаған алғашқы қадам­дары­мыздың бірі осы қарудан өз еркімізбен бас тартуымыз болды.

Өткен жылдар бедерінде біз өзге елдерді бізден үлгі алып, ядролық қару қатерін тарихтың еншісінде қалатындай қадам­дар­ға шақырып, осы бағытта өңір­лік, сондай-ақ халықаралық деңгейде талмастан жұмыс істедік.

Біз ядролық қауіпсіздікті үш мәселенің басын біріктіргенде тұтасатын мәселе ретінде қарас­тырамыз. Бұл тек ядролық қару­дан адамзатты ғана қорғау емес, сондай-ақ ықтимал ядролық терроризмге қарсы іс-қимыл, атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан, біз қарусыздану шараларын бел­сен­ді қолдаймыз. Бұл қатарда Ядролық қаруларды таратпау туралы шарт­ты нығайту мен елдерді Яд­ролық сынақтарға жалпыға ортақ тыйым салу туралы шартты ратификациялауға шақыру тұр. Соңғы жылдары Қазақстан Вашингтонда мойнына өз еркімен алған міндеттемелерін толық орын­дап, өз аумағындағы барлық ядролық материалдардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етті. Біздің күш-жігеріміз бен осы маңызды мәселелердегі көшбасшылы­ғы­мыз Президент Обама мен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун тарапынан жоғары бағаланғанын мақ­тан тұтамын.

Біз, әрине, елдерге ядролық арсеналдарынан немесе өздерінің қаруларын жасау ниетінен бас тарту соншалықты жеңіл емес еке­нін түсінуге тиіспіз. Бұл жерде мәселе мынада: егер бір ел я­д­ролық қаруға қол жеткізсе, қал­ған елдер өзін қорғау үшін сондай қадамға бару қажет деген се­зім­ді бастан кеше бастайды. Өңір­де жағ­дай ушыға түссе, бұл сезім бірнеше есе күшеюі мүм­кін. Мі­не, дәл осы себепті ядролық қару­ды тарату біздің барлығымыздың қауіпсіздігіміз үшін қатер болып табылады, әрі қауіпті қару мен ма­териалдардың заңсыз саудасы­ның тәуекелін де жоғарылата түседі.

Иранның ядролық бағдар­ла­ма­ларының нақты бағыттылық мәсе­лесі әлемде алаңдаушылық ту­ғы­зуын жалғастыруда. МАГАТЭ ке­пілдігімен бейбіт атомды дамыту бойынша халықаралық қоғамдас­тық­тың барлық жауапты мүше­лері­нің құқын тани отырып, Қазақ­стан Каспий теңізіндегі көрші­сі­мен өзінің тығыз дип­ло­матиялық қа­рым-қатынасын пайдаланып, Иран үкіметін біздің мемле­кеті­міз­­дің даму үлгісіне назар ау­даруға шақырады. Ашық­тық және көршілермен бейбіт қа­тынасты дамыту әлемнің Иранға ықпалын күшейтпесе азайтпайтынына және Таяу Шығыстағы қысымды тө­мен­детіп, өңірдегі көп жылғы саяси про­блемаларды әділетті де нақты шешу жолдарын жеңілдетуге сеп­те­сетініне сенімдімін.

Орталық Азиядағы көршілері­мізбен бірге біз өңірде ядролық қарудан азат аймақ құру идеясын ілгерілетіп, оны жүзеге асыруға қол жеткіздік. Бұл тәжірибені біз Таяу Шығыс сияқты күрделі өңір­ді қоса алғанда, әлемнің ядросыз өңірлері санын кеңейту үдерісінде пайдалануды ұсынамыз.

Біз танылған ядролық державалар да бұл істе мойнына жауап­кершілік алатынын мойындауға тиіспіз. Олар өзінің ядролық қаруын беймарал жаңғырта отырып, басқа мемлекеттерден ядро­лық ниеттен бас тартуды талап ету мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Біз ядролық державалардан олар өздерінің қаруларын ондай қарулары жоқтарға қарсы пайдаланбайтынына құқықтық кепіл­дікке қол жеткізуіміз керек.

Әлемде уран рудасының аса ірі өндірушісі бола отырып, сон­дай-ақ осы сала бойынша халық­аралық сенім кредитін иелене отырып, Қа­зақстан өзінің аума­ғын­да ядролық отынның алғаш­қы халықаралық банкін орналастыру бойынша бар­лық мүмкін­діктерге ие.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке сүйене отырып, бұл банк түрлі елдердегі атом электр стансалары үшін уран отынын ұсына алар еді. МАГАТЭ талабына жауап беретін барлық елдер осылайша қауіпсіз және сенімді отынға қол жеткі­зетін болады. Бұл ядролық энергетиканы дамытуға және төмен байытылған уран энергиясына де­ген азаматтық қажеттілікті қа­на­ғаттандыруға жәрдемдеседі.

Мен барлық елдерге төмен­дегіше үндеу тастағым келеді: Қа­зақ­стан тәжірибесі көрсетіп отыр­ғанындай, елдер ядролық қарудан бас тартса, үлкен пай­даға кенеледі. Осындай оң шеші­міміздің арқа­сын­да біздің өсіп-өркендеген және тұ­рақты дамы­ған елге ай­налғаны­мыз­ға, әлемде көптеген достар тапқа­ны­мызға, ықпалымыздың да арта түскеніне мен еш күмәнданбаймын.

Бізге өзіміздің барлық ерік-жігерімізді пайдаланып, басқа проблемаларды шешуге және ядросыз елдерге өздерін қорға­лып отырған­дай сезінуге көмек­те­суіміз керек. Бұл ядролық қару­дың таралуын болдырмаудың жал­ғыз жолы болса, ол өз кезе­гінде өлім себетін ма­териалдың терроршылардың қолы­на түсу ықтималдығын азайтады. Бұл – біз еш жол беруге болмайтын тәуекел. Біздер, қазақстан­дық­тар ядролық қару қатері аласталатын әлем құруға көмектесуге қол­дан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіре аламын.

Біздің экономикамыз өсіп-өр­кен­деуге жәрдемдесіп отырған сырт­­қы инвестициялардың арқа­сында жоғары қарқынмен дамып келеді. Біз көршілерімізбен және бүкіл әлем елдерімен ізгі қарым-қатынас орната білдік. АҚШ, Ресей және Қытай біздің достарымыз бен одақтастарымыздың қа­тарына кіреді.

Біз қорқыныш пен күдік емес, бейбіт қарым-қатынастар мен өсіп-өркендеудің пайдасына таң­дау жасадық. Біздің бәріміз өзге елдер үшін олар да дұрыс таңдау жасайтындай деңгейге көтері­летіндей жағдай туғызуға ұмты­луы­мыз қажет.