Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
22.01Бұл күні:
2008

Мақалалары

«Известия» , 19 наурыз, 2009 жыл

Еуразиялық экономикалық одақ: теория немесе нақтылық

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ БОЛАШАҚТА ОНЫҢ БАЛАМАСЫ БОЛМАҚ ЕМЕС”

Орнықсыз халықаралық саяси ахуал жағдайында өршіп тұрған жа­һандық қаржылық-экономика­лық дағдарыс әлемдік басқарудың бүкіл жүйесінің кешенді түрде сыр бере бастағанын айғақтайды.

Қаржылық индекстердің күй­реуі, жұмыссыздықтың өсуі, ком­паниялар мен банктердің бан­крот­қа ұшырауы жөніндегі күн сай­ын түсіп жатқан ақпараттық мә­ліметтер өзгерістердің шын мәнін дәйім дәл аша бермейді. Алайда, егер күнбе-күнгі тап­тау­рын тірліктен бой созып қарай ал­сақ, әлемдік саясат пен эко­номикада жаһандық экономикалық жүйені реттеуге тұжырымдамалық көзқарастарды өзгертуді талап ете­тін тектоникалық ығыспалардың жүріп жатқаны айқын көрінеді.

Қолданыстағы валюта-қаржы жүйесі туралы

Қолданыстағы валюта-қаржы жүйесі ендігі жерде осы заманғы талаптарға жауап бере алмайды және орнықтылықтың бірде бір өлшеміне сәйкес келмейді.

Әлемдік валюта-қаржы жүйе­сі­нің қолданыстағы парадигма­ти­касы осы заманғы геоқаржылық және ақпараттық технология­лардан көш кейін қалып қойған, бүгінгі әлемдік тәртіпке толық­қан­ды қызмет көрсетуді қамта­ма­сыз ете алмайды.

Қазіргі жаһандық дағдарыстың негізінде де бүгінгі әлемдік ва­лю­та жүйесінің жетілдірілмегендігі жатыр. Әлемдік валюта эмитенті қызметінің рәсімі демократиялық сипатта емес. Әлемдік валюта сұ­ра­нымы мен ұсынымының тепе-теңдік тетігі бәсекелестікке және еркіндікке жол ашпайды, ал ва­лю­та рыногының өзі өркениетті рынок санала алмайды. Әлемдік валютаның эмиссия жүйесі әлем­дік қоғамдастық тарапынан бақыланбайды.

Бүгінде әлемде жаһандық эко­но­миканы реформалаудың тиімді моделін іздеу жүріп жатыр. Қа­зақ­стан өз тарапынан бұл мәселе­лер­ді шешудің өзіндік жолдарын ұсынды. Ол жақында “Российская газетада” жарияланған менің “Дағдарыстан шығу кілті” атты мақаламда баян етілген.

Біртұтас әлемдік валюта туралы

Біздің ұсыныстарымызды қыс­қаша еске сала кетейін. БҰҰ қам­қоршылығымен біртұтас әлемдік валюта жасауға кірісу керек. Бар­лық елдердің көзқарасы тұрғы­сы­нан қарағанда, легитимді болып та­былатын есеп айырысудың бір­тұтас әлемдік ақша бірлігіне не­гіз­делген атымен жаңа – жаһан­дық – валюта жүйесіне көшу керек. Оны жасауға, эмиссиялауға және реттеуге барлық елдер қа­ты­суға тиіс. Әрине, жаңа жүйеге кө­шу бірте-бірте жүзеге асырылуы керек.

Осы заманғы әлемнің тағы бір маңызды үрдісі дүние құрылымы­ның бір полярлы жүйеден көп по­ляр­лы жүйеге ауысуы болып та­былады. Бүгінде әлемдік аренада дүние дамуына ықпал ететін жаңа орталықтар заңды түрде қалып­тасып келеді.

Экономикалық және саяси дамудың сан түрлі модельдері қа­тар өмір сүріп, бәсекеге түсетін жаңа тарихи кезең басталуда.

Көп полярлылықтың дамуы­мен қатар өңірлену үдерісі күшейе түсетін болады. Тауарлар мен қыз­меттердің басым көпшілігі өнді­ріле­тін және тұтынылатын өңірлік рыноктар бой түзейді. Құрлықтық ин­теграциялық топтар қалыпта­сады.

Бір географиялық кеңістіктің ішінде ұлттық экономикалардың қорғалуы жаһандық дамудың үр­дісіне айналуда. Оның мы­сал­дарын біз Латын Америкасында, Парсы шығанағы өңірінде, Шы­ғыс Азияда байқап отырмыз. Одан бұрын бұл үдеріс Еуро­аймақ­та басталған болатын.

Жаңа стратегия керек

Орын алып жатқан өзгерістер Қазақстанды және біздің ТМД-дағы жақын көршілерімізді таң­дап алынған даму стратегияларын тағы бір рет салғастыра қарауға, Еуразия кеңістігіндегі жаһандық және өңірлік мүдделердің күрделі тоғысында өзінің орнын анық­тауға итермелеп отыр.

Достастық елдері тарихтың жаңа сынақтарына лайықты жауап табуға тиіс.

Осыдан 15 жыл бұрын – 1994 жылдың наурызында – М.В.Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінде мен Еуразия одағын құру бастамасын көтерген болатынмын.

Мен ұсынған тұжырымдама ерікті, тең құқықты ықпалдас­тық­қа, кеңестен кейінгі мемлекет­тер­дің бірлескен саяси-экономи­ка­лық дамуына, ТМД елдерінің жа­һандық әлемдегі алар орнын ны­ғайтуға деген ұмтылысына негіз­делген еді.

Бұл идеяны ол кезде жұрттың бәрі бірдей қолдай кеткен жоқ. Мүм­кін, мұның өзі заңды да шы­ғар. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында ТМД-ның барлық елде­рінде көптен күткен егемендіктен елтушілік орын алған еді.

Алайда, уақыт өте келе бұл идея өзінің көкейкестілігін жойған жоқ. Оны айтасыз, уақыт өткен сайын ТМД елдерінде саясат­кер­лер арасында да, қоғам­дық ортада да кеңінен қолдауға ие бола бастады.

Еуразиялық бастаманың нақ­ты жүзеге асуы ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, тағы басқа да бірқатар мем­лекетаралық құрылымдардың қызметінен көрініс тапты.

Бүгінде, Достастықтың барлық елдері әлемдік дағдарысқа қарсы тұрудың жолдарын іздеп жат­қан­да, экономикалық мәселелерді же­ке-дара шешу мүмкін емес­ті­гіне көз жеткен кезде тағдыр еуразиялық ықпалдастық тұжы­рым­дамасының көкейкестілігін тағы да дәлелдей түсіп отыр. Қа­зір мен ұзақ мерзімді болашақта еуразиялық ықпалдастықтың баламасы болмақ еместігіне бұрынғыдан да нық сенімдімін.

“Игілік деген өзінің балаларын есі кете еркелететін мейірімді анаға ұқсайды”, – деп ескерткен болатын Сенека. Бұрынғы қо­лайлы сыртқы конъюнктураның тұсында Достастық кеңістігіндегі ықпалдастық үдерістерін тежеп келген факторларға көбіне көп көз жұма қарадық. Бүгінде біздің бұлай етуге қақымыз жоқ.

Мемлекеттеріміздің орнықты экономикалық дамуын біз тек бірлесіп қана қамтамасыз ете аламыз.

Қазіргі әлемдік дағдарыстың сал­дарлары көптеген алданышты үміттерді үзіп отыр. Мұндай жағ­дайда сырттан көмек күтудің жөні жоқ. Кеше бізге қарайласқандар бүгінде өздерінің, әлдеқайда ауқым­ды мәселелерін шешуге мәжбүр. Өз жағдайымызды өзіміз ойламасақ, оны ешкім де ойламайды.

Еуразиялық ықпалдастықтың үш өлшемі

Еуразия одағын құру бастама­сын ұсына отырып, мен бұл мін­деттің ондаған жылдардың ішінде шешіле қалмайтынын анық біл­ген­мін. Алайда, 15 жылдың өзінде талай шаруа атқарылды. Ең бастысы – еуразиялық теориясы нақты істерге ұласа бастады.

Бүгінде еуразиялық кеңістік ықпалдастығының үш өлшемі – экономикалық, әскери-саяси және мәдени-гуманитарлық өлшемдері жайында айтуға болады.

Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарындағы “азиялық” дағда­рыс­тан кейін кеңестен кейінгі көп­теген елдер өз экономи­ка­лары­ның әлдеқайда тығыз жақын­да­суы қажеттігін түсінді. Осының нәтижесінде, Еуразиялық Эконо­микалық Қоғамдастық құрылды. Қазіргі таңда бұл мемлекетаралық ықпалдастық құрылымы өңірлік еуразиялық бірлестіктердің ара­сын­да ең келешегі кепілдісі са­налады.

ЕурАзЭҚ аясында тауарлармен еркін сауда жасау режімін құруға елеулі қадамдар жасалды. Мұның өзі Қоғамдастыққа мүше елдердің өзара сауда айналымының көлемін 3,5 есе, ал өзара инвестициялар­дың жалпы көлемін 5 есе жуық көбейтуге мүмкіндік берді.

ЕурАзЭҚ аясында қаржылық ық­палдастықтың нақты тетіктері жасала бастады. Мысалы, Еур­азия­лық даму банкі бүгінде Қа­зақстандағы, Ресейдегі, Белорус­сия мен Тәжікстандағы бірқатар жобаларды қаржыландыруда.

ЕурАзЭҚ-тың Мәскеуде өткен ақпан саммитінде көлемі 10 миллиард долларлық бірлескен Дағдарысқа қарсы қор және Жо­ға­ры технологиялардың халық­ара­лық орталығын құру сияқты сер­пінді жобалар қабылданды. Бұл құрылымдар Достастық елдерінің экономикасына әлемдік дағдарыс соққысын бәсеңсітуге қызмет етуге тиіс. ЕурАзЭҚ қамқоршы­лы­ғымен нақты экономикалық жобалар талқыланып, қабылдана бастады. Мысалы, ортақ энерге­ти­калық жүйе, бейбіт атом энер­гиясы өндірісі саласында біртұтас цикл құру, еуразиялық көлік ма­гис­тральдарын салу, басқа да жобалар.

Үш ел – Қазақстан, Бе­ло­руссия мен Ресей – Кеден одағын қалыптастырудың мәресіне жақындап қалды.

Валюта одағын құру мүмкін бе?

Келесі қадам ЕурАзЭҚ елдері­нің валюта одағы және еур­азия­лық ұлттық ауқымнан жоғары тұратын есеп айырысу бірлігін құру болуы мүмкін.

15 жыл бұрын мұның ешқай­сы­сы да жоқ еді. Әрине, алда та­лай шаруа атқаруға тура келеді. Алай­да, мен құрылған құрылым­дар, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен ортақ ынтымақ­тас­тық­тың келешекті көздеген мақ­сат­тары бізді Еуразиялық эконо­ми­калық одақ құруға жақындата түсуде деп сенемін.

Еуразиялық ықпалдастықтың екінші – әскери-саяси өлшемі өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты.

Өткен ғасырдың аяғында 1992 жылғы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушылар бұл құжатты жаһандық және өңірлік тұрақтылықтың жаңа қатерлеріне бейімдеді. Осылайша, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы құрылды.

Қазір ол өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Бір ай бұрын Мәскеудегі саммитте шұғыл іс-қимыл әскерлерінің ұтқыр өңірлік тобын құру туралы шешім қабыл­данды. Бұл солтүстік Еуразияның ауқымды өңірінің әскери қауіп­сіз­дігін нығайтуда нақты қадам болды.

Әуе шабуылына қарсы қорға­ныс­тың бірлескен жүйесі, нығая түскен әскери-техникалық ынты­мақ­тастық, ҰҚШҰ аясында елдер­дің әскери бөлімдерінің бірлескен жаттығулары – осының бәрі қа­лып­тасып жатқан біртұтас қорға­ныс кеңістігінің құрамдас бөліктері.

ТМД-ның лаңкестікке қарсы орталығының құрылуы да халық­ара­лық лаңкестіктің қатерлеріне жауап болды. Біздің елдеріміздің құқық қор­ғау органдары трансше­ка­ралық қылмыспен, есірткі тра­фи­гімен, жа­сы­рын көші-қонмен бір­лес­кен күресті кү­шейте түсуде. Бұл да соңғы 15 жыл­да пайда болған еур­азиялық ық­пал­дастықтың маңызды құрамдастары.

Жалпыеуразиялық қауіпсіздік­тің “азиялық векторы” бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі ке­ңес секілді құрылымдарды қам­ти­ды. Көптеген посткеңестік елдердің қолдауынсыз және белсенді қаты­суынсыз олардың дамуы мүмкін емес еді.

Жалпыеуразиялық қауіпсіздік­тің “еуропалық бағытын” біз ЕҚЫҰ қызметімен байланыстыра­мыз, біздің еліміз 2010 жылы оның төрағасы болуға әзірленуде.

Қазақстанды бұл қызметке ТМД елдері ұжымдық тұрғыда ұсын­ды, сондықтан да біз үшін бұл құр­метті миссия ғана емес, соны­мен бірге үлкен жауапкершілік те. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде біз планетаның ең үлкен ма­теригі – Еуразия – халықтар­дың бейбітшілік пен өзара түсініс­ті­гінің ортақ кеңістігі болуына ұм­тыламыз.

Үшінші өлшем де бар, оның мәні бүгінде алғашқы тұрғыға шығып отыр.

Ықпалдастықтың көшбасшылары ­– инновациялар мен жастар

Ықпалдастық ісінде тек прези­денттер мен үкіметтердің күш-жігері жетімсіз екені анық.

Соңғы жылдары еуразиялық идеяны посткеңестік елдердің көптеген интеллектуалдары қабыл алды. Еуразиялық оқымыстылар клубы құрылған. Еуразиялық Ме­диа-форум мен Еуразиялық теле­ви­зия және радио академиясы ортақ ақпараттық кеңістіктің, Еуразиялық университеттер ассоциациясы ор­тақ білім кеңістігінің қалыптасуына жұмыс істеуде.

Бүгін біздің міндетіміз ­– бай ин­тел­лектуалдық мұраны молық­ты­рып, жинақталған білімді бүкіл өңірдің инновациялық дамуына пайдалану. Оны жүзеге асыруға еш кідіріссіз кіріскен жөн. Сондықтан еуразиялық интеграцияның үшінші – мәдени-гуманитарлық өлшемі әсіресе қазіргі кезеңде төтенше маңызды мәнге ие болады, ол, меніңше, мынадай бағыттар бойынша дамуы тиіс.

Біріншіден, инновациялық дамуға тездетіп көшу. Біз ғылыми қоғам­дас­тыққа осынау міндетті іске асыруға қолдау білдіруге тиіспіз. Нақ сондықтан да 2010 жыл ТМД-да Ғылым және инновация жылы деп жарияланды.

Еуразиялық оқымыстылар клу­бы аясында ғылыми қызметкер­лер­дің өзара ықпалдастығын дамыту керек. Жоғары технологиялар ор­та­лығы және Жоғары технология­лар­дың Еуразиялық банкі ТМД кеңістігіндегі барлық мүдделі зерт­теу орталықтарымен ынтымақ­тас­тыққа ашық болуы тиіс.

Таяудағы уақытта зерттеулер мен бірлескен жобалардың, соның ішінде ғарыштық, нано- және ақ­па­раттық технологиялардың, энер­ге­тика мен энергия сақтаудың зерт­теулері мен бірлескен жобаларының нақты, барынша перспективалы бағыттарын анықтап алған жөн.

Біздің елдеріміздің және әлем­нің басқа өңірлерінің рыноктарына инновациялардың ілгерілеп кіруін ынталандыру тетігін ойластыру ке­рек. Біз қазақстандық ғалымдардың Ресейде, Украинада, ТМД-ның бас­қа елдерінде жүзеге асырылып жат­қан зерттеу жобаларына қа­тысуын қаржыландыруға әзірміз.

Екіншіден, бірлескен күш-жігермен білім беру саласын сапалық жаңа деңгейге шығару – іс жүзінде біртұтас еуразиялық білім кеңістігін құру керек.

Мәселен, Қазақстан жоғары білікті мамандар әзірлеуге басым­дық­пен көңіл бөліп отыр. “Бола­шақ” бағдарламасының аясында ғана біз жыл сайын әлемнің жетек­ші оқу орындарына үш мың сту­дентке дейін жіберіп отырмыз. Қа­зіргі кезде бағ­дарламаның Ресейде 422 стипен­диаты, Украинада ­– 28 стипендиаты оқиды. Ресейде бар­лығы 12 мыңнан астам қазақстан­дық оқып жатыр.

Қазақстандық жоо-лар өз кезе­гінде ТМД елдерінің студенттеріне ашық. Қырғызстанның, Тәжікстан­ның және Түркіменстанның аза­мат­тары үшін біз жыл сайын оқуға квоталар бөлеміз.

Еуропа одағында “Эразмус Мун­дус” бағдарламасы орасан та­нымалдыққа ие болып отыр. Ол жо­ғары білім беру және студенттер мен аспиранттардың еркін қоз­ға­лысы саласындағы ынтымақтас­тық­ты дамытуға бағытталған. Біз Еуразиялық кеңістік үшін осыған ұқсас бағдарлама құра алар едік. Ол Лев Николаевич Гумилевтің атын алып жүре алар еді.

Бәлкім, ТМД елдерінің жетекші жоо-ларында “еуразиялық кафе­дра­лар” құру идеясын іске асыруға болар еді, бұл кафедралар осы ба­ғыт бойынша маманданатын ға­лым­дар мен студенттерді біріктіре алар еді. Әріптестерге қажетті әдіс­темелік көмекті Еуразиялық ұлттық университет көрсете алар еді.

Классик атап айтқанындай, “дү­ние тұтастай алғанда алға жыл­жығанымен, жастарға әр­дайым басынан бастауға тура ке­леді”. Сондықтан, үшіншіден, жас­тармен жұмысқа айрықша көңіл бөлу керек.

Бұл бағыттағы күш-жігерсіз біздің азаматтардың жаңа ұрпағы халықтарымызды жақындасты­ра­тын байланыс жібін жоғалтып алуы мүмкін. Біз бұған жол бер­меуге тиіспіз. Оның үстіне, 2009 жыл ТМД жастарының жылы деп жарияланған. Біздің елдеріміздің арасындағы жастар айырбасының, жастар ұйымдары мен жастар көшбасшылары арасындағы өзара ықпалдастықтың түрлі форма­ла­рына жүйелік негізде қолдау біл­ді­ру керек. Біздің универси­тет­терде ТМД халықтарының тіл­де­рі­нен сабақ беруді неге бас­та­масқа? Бұл бүкіл еуразиялық кеңістік мәдениетінің аса бай қатпары ғой, оны біздің арты­мыздан келе жатқан ұрпақ сақ­тайды деп үміттенемін!

Төртіншіден, мәдени және тілдік саналуандықтың ортақ құн­дылықтары негізінде біртұтас еур­азиялық біртектілікті қалыптас­ты­ру туралы ұмытуға болмайды. Бұл дегеніміз – еуразиялық өлшем­де­гі түрлі мәдени жобаларды: фес­ти­вальдерді, шеберлік сынып­та­рын, көрмелерді, конферен­цияларды ілгерілету.

Біздің қоғамдарда жоғары ру­хани және адамгершілік құнды­лық­тарды нығайту туралы ортақ қамқорлықтың айрықша маңызы бар. Бұл үшін тиісті бірлестіктер өкілдерінің кездесуіне үнқатысу алаңдарын құрған жөн.

Бесіншіден, біздің елдеріміз азаматтарының еркін қозғалысын барынша қамтамасыз ету керек. Кезінде Қазақстан “Қарапайым адам­дарға қарай қарапайым он қадам” бастамасын көтерді. Мен таяу­дағы уақытта біздің мемлекет­теріміз халықтарының еркін өзара ықпалдастығы үшін кедергілерді алып тастаудың барлық қажетті шараларын қолға алуға тиіспіз деп ойлаймын. Бұл ­– шекаралардан ер­кін өту, барлық елдердің ақ­парат көздеріне, білім беру және медициналық қызметке қол же­тім­ділік ­– біздің елдеріміздің әр­бір жеке азаматы үшін былай қарағанда қарапайым, алайда іс жүзінде маңызды факторлар.

Егер белсенді жеке тұлға­лар­дың күш-қайратымен қуаттал­ма­са, интеграцияның ең кемел сая­си және экономикалық инфра­құ­рылымы іске қабілетсіз болып шы­ғады. Нақ осы күш-қайрат мемлекеттерді мыңдаған берік тін­дермен байланыстырып жата­ды. Осы күш-қайратты сақтап, дамыту – біздің басты міндетіміз.

Мен теңдікке, еріктілікке және праг­матикалық мүддеге негізделген Еуразиялық қоғамдастық ХХІ ға­сырдағы әлемдік экономика мен сая­саттың жаһандық факторы бола алатынына терең сенімдемін.