Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
23.03Бұл күні:
2005

Мақалалары

«Известия» , 30 желтоқсан, 2010 жыл

ЕҚЫҰ және жаһандық қауіпсіздік

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық жөніндегі ұйымның 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында өткен Астана Саммиті ғажайып оқиға болды. Жасыратыны жоқ, оны өткізу туралы ше­шім оңайлықпен қабылданбады. Та­разы басы ең соңғы сәтке дейін түрлі аргументтердің салмағы салдарынан теңселіп тұрды.

Аса салмақты «қарсы» деген уәждің айтпағы: іс жүзінде өзінің миссиясын орындап біткен Ұйымның Саммитін өткізудің қажеті не? ЕҚЫҰ «қырғи-қабақ соғыс» дәуірінен шығып, «темір шымылдықты» бұзуға және Шығыс Еуропа мен ТМД-ның посттоталитарлық елдерінде Хельсинки қағидаттарын орнықтыруға жәрдемдесті.

Қазір Еуропа басқа болды, әлем өз­герді. Сондықтан осындай көзқарасты жақтаушылар жаңа жағдайларда ЕҚЫҰ тек тарихтың жаһандық мұра­жайынан құрметті орын ғана ала алады дегенді көлденең тартты. Сөз реті келгенде айта кетейік, осындай ұстаным Астана Саммитінің қорытындыларын бағалау­да кей тұстарда әлі де көрініс беріп қалады. Мен мұндай пікірді ешқашан бөліскен емеспін. Керісінше, ЕҚЫҰ құндылығы Еуропа мен әлем үшін түрлі, үлкен өзгерісті жылдары оның мақсаттары мен қағидаттары Солтүстік жарты шарындағы ұлан-ғайыр кеңіс­тікте – Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықта қауіпсіздікті ұстап тұрудың және нығайтудың әмбебап негізі болып қалуы деп есептедім. Осы себепті 1992 жылдың шілдесінде, ЕҚЫК-нің Хельсинкидегі үшінші саммитінде сөз сөйлеген кезімде, мен осындай үдерістерді Азия құрлығында бастауға шақырдым.

Ал бірнеше ай өткеннен кейін, сол жылдың қазанында мен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының мінберінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру идеясын ұсындым.

Бүгінде АӨСШК – толық құқықты халықаралық ұйым мәртебесін иеленген қалыптасқан қауіпсіздік құрылым. Оның жұмысына Азияның 27 мемлекеті қатысады. Бұл – бүкіл планета тұр­ғындарының жартысы өмір сүріп жат­қан барлық құрлық аумағының 90 пайызы деген сөз. «Хельсинки рухы» деп аталатын жаһандық фактор қуаты­ның айғағы осы емес пе?

Астана Саммиті: ХХІ ғасырға қадам

Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы менің бастамамның негізінде бірқатар аспектілер болды.

Біріншіден, ХХІ ғасырда Ұйым бүкіл Еуразияда, төрт мұхит жағасын шайып жатқан – Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа, Солтүстік мұзды мұ­хиттан Үнді мұхитына дейінгі кеңіс­тікте жаңа ауқымды қауіпсіздік жүйесін құру үшін өзінің бұрынғы барлық тә­жірибесін пайдалана алады әрі пай­далануы тиіс деген терең сенімділік.

Екіншіден, ЕҚЫҰ-ны дағдарысты жағдайдан алып шығу маңызды болды. 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен соң Ұйым жедел жүрген жаһандық өзгеріс­тердің тасасында қалды. Өзінің жауапкершілігі аумағындағы – Балқандағы, Днестр жағалауындағы, Таулы Қара­бақ­тағы, Абхазия мен Оңтүстік Осе­тия­дағы шет-шеңберлі жанжалдарды «қа­ты­рып қойғанымен», оларды әділетті реттеу­дің қандайда бір тәсілін таба алмады.

Қауіпсіздіктің жаңа сынақтары мен қа­терлерінің бастаулары – халықаралық терроризм, есірткі саудасы, транс­шекаралық қылмыс пен заңсыз миграция – Еуропа шекарасынан әлдеқайда алысқа кетті. ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер арасында қауіпсіздіктің әскери, гу­манитарлық және экологиялық өлшем­дері мәселелерін түпкілікті түсінуде түрлі көзқарастар көрініс берді.

Үшіншіден, ЕҚЫҰ елдері көш­бас­шы­лары арасындағы тікелей үнқатысудың құндылығы мен ұтымдылығын қалпына келтіру қажет болды. Үнқатысусыз, жоғары деңгейдегі кездесулерсіз сенім де болуы мүмкін емес. Кейбір қатысушы елдерде Ұйым саммиті алаңдарында бір-бірімен еш жүздеспеген саяси көш­бас­шылардың тұтас бір буыны ауысып үлгерді.

Осы дәлелдемелердің барлығын мен саммит шақырудың тиімділігі жөніндегі ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесіне бейнеүндеуімде, өзімнің әріптестеріммен – мемлекет бас­шыларымен екі жақты кездесулерім ба­рысында және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шең­берінде өткізілген форум­дардағы сөздерімде дәйектілікпен баян­да­дым. Және мен әріптестеріме, ЕҚЫҰ елдері мемлекет және үкімет басшыларына дәлелдемелерімнің қолдау тапқаны үшін ризамын.

ЕҚЫҰ 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінде, іс жүзінде, есік ашқан ХХІ ғасыр табалдырығында тоқтап қалды. Бұл шептен ол тек Астана Саммитінен кейін ғана өте алды. Бұл қиын қадам болды, бірақ ол жасалды. Және бұл бүкіл Ұйымның біріктіруші табысы, оның қайта жандануының бастауы болды.

Барлық қатысушы елдер мен әріп­тес­терінің, сондай-ақ шешуші халықаралық ұйымдардың 73 ресми делегациясын жи­на­ған Астана Саммиті олардың қауіп­сіз­діктің аталған аса ірі халықаралық құры­лымы аясында одан әрі үнқатысуға дайын екендіктерін көрсетті. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізу уақыты Триполиде ЕО-Африка саммиті, Латын Америкасындағы Канкун қаласында өткен экологиялық конференция сияқты ірі халықаралық форумдар уақыты­мен тұспа-тұс келді. Бұған қарамастан, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті Ұйымның ең сал­мақты форумы болды. Мұнда Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғы айтарлық­тай рөл атқарғанын мақтанышпен айта аламын.

Қазақстандық төрағалықтың қуаты

ЕҚЫҰ-ға басшылық жасай отырып біз іс жүзінде барлық әріптестеріміздің кең қолдауымен ЕҚЫҰ-ны реанимациялау жоспарын ілгері жылжытып жүзеге асыра алдық. Қазақстандық төрағалықтың шешуші міндеті қауіпсіздіктің іргелі мәселе­лері бойынша консенсус алаңын кеңейту және нығайту болды. Біз ЕҚЫҰ-ға бар­лық қатысушылардың қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен сынақтарды түсінуін­де ортақ көзқарас қалыптастыру үдеріс­те­рін жалғастырдық. Мұның қазіргі за­ман­ғы қауіп-қатерлерді сезінуде үйлесімді іс-қимылдар іздестіру үшін және, тұтастай алғанда, Ұйым ішіндегі сенімді нығайту үшін маңызы ерекше зор болды.

Қазақстан БҰҰ, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы, НАТО, Еуроодақ, Еуропа Кеңесі, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ИКҰ және басқа беделді жаһандық және өңірлік құрылымдар өкіл­дерінің консультацияларын өткізу арқылы елдер аралық үнқатысуларды кеңейтіп, бұл үдеріске инновация енгізді. Олардың делегациялары ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне қатысты.

ЕҚЫҰ-ның саяси лексиконында ортақ және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік түсінігі берік ор­нық­ты. Біз Ұйымның барлық үш себеті бой­­ынша дәйекті жұмыс жүргіздік. Қару­ла­ну­ға және сенім шараларына бақылау режімін жандандыру мен нығайту бой­ын­ша ұжым­дық күш-жігер жаңа серпінге ие болды.

Бұл 2011 жылы 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту үдерісін аяқтауға мүм­кіндік береді. Және осымен бір мезгілде Еуропадағы Кәдімгі қарулы күштер туралы бейімделген шартты (ЕКҚКБШ) күшіне енгізу проблемалары бойынша тақырыптық келіссөздерді бастау жөнінде уағдаластыққа жету ерекше маңызды көрінеді.

ЕҚЫҰ пішіні шеңберінде «сүрленіп тасталған» жанжалдарды реттеудің келіс­сөз үдерістері көкейкестілендірілді. Қа­зақ­стан ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға­сы ретінде ЕҚЫҰ-ның жанжалдарды ескерту мен олардың алдын алу, дағдарыс­ты жағдайларды басқару мен жанжалдардан соңғы оңалту салаларының әлеуетін нығайтты. Таулы Қарабақ жанжалын реттеу бойынша Минск тобының жұмысы белсенділендірілді. БҰҰ, Ресей, АҚШ және басқа да елдердің тығыз өзара іс-қимылы арқылы біз Қырғызстандағы саяси дағдарысты шешуге белсене қатыстық. Қазақстан осы елдегі жағдайды тұрақ­тан­дыруда, ішкі жанжалдар салдарынан бол­ған экономикалық шығындарды қалпына келтіруде маңызды рөл атқаруын жал­ғас­тыруда.

Біз ЕҚЫҰ-дағы әріптестерімізді Ауған­стандағы ахуалды бейбіт реттеу үде­рісіне, оның экономикалық жағынан еңсе тіктеуіне қазіргіден де белсендірек қатысуға шақырдық.

Қазақстан аталған елге кең көлемді көмегін ұсынды. Біздің елімізде шамамен бір мың жас ауғандықты аса қажетті бейбіт мамандықтарға оқыту үшін қаржы бөлінді. Азық-түлік беру жүзеге асыры­лып, Ауғанстанда бірқатар экономикалық нысандар салу туралы келісім жасалды. Біз Қазақстанның Ауғанстандағы проблемалар түйінін шешудегі үлесі ЕҚЫҰ-ның барлық елдері үшін үлгі болып табы­ла­тынына сенімдіміз. Қазақстандық төр­ағалық біздің әріптестеріміздің Орталық Азиядағы бірқатар қауіпсіздік мәселе­леріне назарын аудартты.

Атап айтқанда, біз Арал проблемасы бойынша донорлық конференция өткізіп, ЕҚЫҰ пішінінде су ресурстарынан тап­шы­лық көріп отырған өңірдің су проб­лемаларын реттеудің құқықтық халық­аралық негізі ретінде «Су және құқық» бағдарламаларын қабылдау идеясын ілгері жылжыттық. Бұл Қазақстанның жа­һан­дық үрдістерді, ЕҚЫҰ-ның экономи­ка­лық-экологиялық себеті мазмұнын есеп­ке алғанда, жаңғыртуға қосқан үлесі болды.

Біз сондай-ақ Ұйымдағы әріптесте­рі­міздің назарын жаһандық қаржы-эконо­микалық дағдарыс салдарын еңсеру жол­да­рын іздестіруде күш біріктіру қажет­тігіне аудардық. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Маастрихт стратегиясын сапалық имплементациялау бойынша жұмыс жүргізуді және оны постдағдарысты шындыққа бейімдеуді ұсынды. Үшінші гуманитарлық себет шеңберінде Қазақстан көпұлтты және поликонфессиялы мемлекет ретінде мәдениетаралық және дінаралық үн­қа­ты­су идеясын белсенді қозғады. 2010 жыл­дың маусымында Астанада қазақстандық төрағалық шақырған ЕҚЫҰ-ның толе­рант­тылық және кемсітпеушілік жө­нін­дегі жоғары деңгейлі конферен­циясы ұлт­аралық және конфессияаралық келісім саласындағы тәжірибелер алмасудың ма­ңызын қуаттап берді.

Оған қатысушылар Қазақстанда та­бысты жүзеге асырылып келе жатқан 140 этнос пен 46 конфессия арасындағы бейбітшілік пен келісім моделін жоғары бағалады. Олар ұлтшылдық, діни төз­беу­шілік, нәсілшілдік, ксенофобия және антисемитизмді еңсеру үшін ЕҚЫҰ әлеуе­тін белсенді пайдалануды қуаттады.

Бүтіндей алғанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ЕҚЫҰ-ның бүкіл жұмысына ырғақтылық берді. Біз осынау жоғары миссияны атқаруға үлкен жауапкершілікпен келдік және өз алдымызға қойған мақсаттарды толық жүзеге асыр­дық. Астана Саммитінде сөйлеген сөзде­рінде мемлекеттер мен үкіметтер басшы­лары,  делегациялар жетекшілері біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі жігерлі іс-қимылдарына жоғары баға берді. Өз тәуелсіздігінің елең-алаңында Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан толықтай бас тартқан, АӨСШК-ні  құру идеясын жүзеге асырған, Еур­азиядағы интеграция идеясын белсенді алға апарушы Қазақстан өзін тағы да әлемдік қоғамдастықтың жауапты қаты­сушысы ретінде көрсетті.

ЕҚЫҰ-ның жаһандық геометриясы

Геосаясатта екі нүктенің ең жақын арақашықтығының өзі  барлық уақытта бірдей түзу болып шыға бермейді. ЕҚЫҰ үшін Ыстамбұлдан Астанаға дейінгі жол бүтіндей 11 жылға созылды. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» атты Астана Декларациясының тарихи құндылығы талассыз.

Біріншіден, онда Ұйымның негізіне алынған қағидаттардың көкейкестілігі және барлық 56 қатысушы мемлекеттің Хельсинки Қорытынды актісінен, Париж Хартиясынан, Еуропа Қауіпсіздігі хартия­сынан бастап және  оның шеңберінде қа­былданған басқа құжаттарға деген бұл­жы­мас ұстанымы расталды.

Екіншіден, тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ның еуразиялық векторы бекітілді. ЕҚЫҰ ке­ңіс­тігіндегі қауіпсіздік көрші өңірлердегі, әсіресе, Жерорта теңізі мен Азиядағы қауіпсіздікпен тығыз байланысты екендігі Астана Декларациясында ерекше атап көрсетілген. Онда ЕҚЫҰ-ның жаңа жүз­жыл­дықтағы басты бағдары ретінде  Еуро­атлантикалық және Еуразиялық қо­ғам­дастықтағы ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздікті құру мақсаты қойылған.

Үшіншіден, құжатта ЕҚЫҰ-ны нығай­туға, оның ХХІ ғасырдың қауіп-қатер­ле­ріне тиісінше және ықпалды жауап беру қабілетін күшейтуге  бағытталған барлық бастамалар бар.

ЕҚЫҰ мінберінен Ұйымды жаңа са­палы деңгейге шығаруға деген барлық мүше елдердің ортақ мүдделілігін көр­сет­кен көптеген ұсыныстар естілгенін атап өткім келеді. Қиын да ашық пікірталастарда дүниеге келген «Астана рухы» квинтэссенциясы да осы. Ресей Федера­ция­сының президенті Дмитрий Мед­ведев­тің  еуропалық қауіпсіздік туралы заңдық тұрғыда міндеттейтін шарт қа­былдау туралы бастамасы  қауіпсіздіктің ортақ кеңістігінің бөлінбестігіне берік кепілдік жасауға бағытталды. Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони Саммит күндері Қазақстан мен Астана әлемге паш еткен  толеранттылық пен өзара  құр­меттің  үлгісін  ЕҚЫҰ үшін пайда­лану­дың маңыздылығын айрықша атап өтті.

ЕҚЫҰ тетіктерін нығайтудың барлық идеялары, сөз жоқ, Ұйымның жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлін ой елегінен өткізу үдерісіне қосылған ұжымдық үлес болып табылады. Мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клин­тонның Астана Саммитінде айтқан «ол үшін ЕҚЫҰ-дан өзге бірде-бір өңірлік ұйымда неғұрлым қолайлы мүмкіндіктер жоқ» деген ұстанымын толықтай қол­даймын.

Әсіресе, ұйымның қауіп-қатерлердің жаңадан пайда болуына қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, өз жауапкершілігінің бүкіл аумағындағы өткір дау-жан­жал­дар­дың алдын алу мен шешу мүмкіндіктерін кеңейту туралы айтқан  кезде  оның ма­ңызы зор. Өз кезегінде Қазақстан да ЕҚЫҰ-ны нығайту жөнінде ұсыныстар енгізіп, оның маңызы Астана Саммитіне қатысушылар­дың жоғары бағасына ие болды.

Біздің  ойымызша,  ЕҚЫҰ-ның  ХХІ  ғасырдағы жаһандық геометриясы төмен­дегідей бағыттар бойынша мақсатты іс-қимылдардан құрылуға тиіс.

Бірінші. Қазақстан Еуразия құрлы­ғы­ның интеграциялық құрылымдары ара­сындағы жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде өзара іс-қимылдар орнату­ға шақырды. Шығыс-Батыс желісі бойын­ша – Еуропа Одағы мен НАТО арасында, бір жағынан, ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ ара­сында – екінші жағынан.  Солтүстік-Оң­түстік желісі бойынша – ЕҚЫҰ, АӨСШК және 2011 жылы Қазақстан төрағалық ететін Ислам Конференциясы Ұйымы.

Екінші. Біз қаржы-экономикалық қауіп­сіздік мәселесін ЕҚЫҰ-ның жеке себеті ретінде бөліп шығаруды ұсындық. Бүгінде ЕҚЫҰ кеңістігінде және бүтіндей Еуразияда планетамыздың  экономикалық өсуінің көптеген перспективалы  ареал­дары  орналасқан, олар – Солтүстік Америка, Еуропа Одағы, Қытай, Ресей, Үндістан, Парсы шығанағы, Оңтүстік-Шығыс Азия. Сондықтан олардың ара­сында сенім мен тиімді қауіпсіздік жүйесі негізіндегі өзара  байланыстарды  іздеудің  маңызы зор. Мен Ұйымның әлемдік резервтік валютасын жасау үдерісіне, келісілген қаржы-валюта саясаты қағидатын қалыптастыруға, Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастық пен интеграцияға атсалысуға әлеуеті бар деп ойлаймын. Біздің пайымдауымызша, осы мәселелерді көрсете отырып, жа­ңа­дан «Маастрихт плюс» құжатын қабыл­дайтын уақыт келді. Және бұл ұстаным бірқатар мемлекеттер басшыларының, мәселен, Грекия премьер-министрі Георгиос Папандреудің  Астана Саммитінде сөйлеген сөзінде қолдау тапты. Сол сияқты ЕҚЫҰ құрылымын энерге­ти­калық қауіпсіздік және экономикалық қарым-қатынастар жөніндегі кеңестермен толықтырудың да маңызы зор.

Үшінші.  Әскери-саяси  өлшемдерді  нығайту  үшін біз қарусыздану мен таратпау саласында жаңа келісім-шарттық нор­маларды қалыптастыру мақсатында ЕҚЫҰ-ның арнайы форумын құруды ұсындық.

Трансшекаралық  қылмыстарға,  есірткі  трафигі мен заңсыз миграцияға қарсы күресті үйлестіру үшін ЕҚЫҰ елдері министрлері деңгейінде кеңес тағайындауға деген де қажеттілік бар.

Төртінші. Біз әділ де ашық конфес­сияаралық үнқатысуға шақырдық. 2009 жылдың шілдесінде Каир университетінде сөйлеген сөзінде АҚШ Президенті Барак Обама «Алға қарай жылжу үшін біз тек жабық есік жағдайында ғана жиі ай­тылатындарды, яғни өзіміздің ойымыз­дағыларды бір-бірімізге ашық айтуымыз керек. Бір-бірімізді естуге, бір-бірімізден үйренуге, бір-бірімізді сыйлауға және ортақ позициялар іздеуге барынша ұмты­луымыз қажет», деп әділ сөздер айтты.

ЕҚЫҰ шеңберіндегі  мұндай  үнқа­тысуды  Астанада 2003 жылдан бастап тұ­рақты өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің дайын алаңында өткізуге  мүмкіндік бар деп есептеймін. Біздің пікірімізше, «ЕҚЫҰ: Жаңа онжылдықтағы толеранттылыққа» атты құжат дайындап, қайырымдылық  пен  әділетті  әлем құрылымын жаһандық тұрғыда бекіту үшін онда  әлемнің жетекші діндері, әсіресе, ислам мен христиан діндері арасындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастықтың қағидаларын  қыз­меттестіктің принциптерін бейнелеу қажет.

Бесінші. ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік инс­ти­тутын тағайындай отырып, ЕҚЫҰ шең­берінде қауіпсіздіктің жекелеген өлшем­дер  дәрежесіндегі түрлі проблемаларын болжау жөніндегі жұмыстарды жолға қоюдың маңызы зор. ЕҚЫҰ құрылым­дарының Ұйым жауапкершілігінің бар­лық аумағында, соның ішінде азиялық бөлігінде орналасуының да маңызы аз емес. Алғаш рет Еуропаның геогра­фиялық шекарасынан тысқары,  Орталық  Азияда өткізілген Астана Саммиті бұл үдерісті бастап берді.

Ғасырдың басындағы «Сындарлы он жыл» атты кітабымда мен Орталық Азия­ны бізге  жаһандық тұрақсыздық доға­сының бір бөлігі  ретінде ғана көрсетуге тырысқан тезисті тиянақты түрде теріске шығарған болатынмын.

Өңірдің әлеуетін мен мүлде басқадан – оның Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын байланыстырушы буын болу мүмкіндігінен көремін. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінен кейін Орталық Азияның  қауіпсіздіктің  қысқартылған  механизміндегі кеңістік болудан аман қалғандығы туралы айтуға болады. Бү­гін­де Қазақстан мен Орталық Азияның бар­лық елдері еуразиялық және жаһандық тұ­рақтылықты нығайтудың маңызды буы­ны ретінде әлемдік аренаға шықты.  Оның 2011 жылы  өз  тәуелсіздігінің  20 жыл­­ды­ғын атап өтетін біздің жас мем­лекеттердің нығаюы  үшін маңызы орасан зор.

ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен Саммиті­нің Қазақстанға оң ықпалын тигізгенін де атап айтпасқа болмайды.  Ол біздің хал­қымызды топтастырды,  аса  зор күр­делі міндеттерді шешу және ең жоғары мақсаттарға жету қабілетіне деген сенімді нығайтты.  Біз әлемдік қоғамдастық ал­дында жауапты, бейбітшілікті, тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті нығайтуда тия­нақты әрі белсенді екенімізді көрсеттік. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті  ЕҚЫҰ та­рихындағы  күрделі  кезеңге  қорытынды  жасады. Ол Ұйым үшін болашаққа есік ашып, оның жаңғыруына тамаша мүм­кін­дік берді. Бүгінде бірлескен жұмыстарды әлсіретпеудің маңызы зор. ЕҚЫҰ-ны реформалау жөніндегі Астанада айтылған барлық ұсыныстарға мұқият талдау жасалып, олар ЕҚЫҰ-ның алдағы жыл­дардағы іс-қимылдар  жоспарын  толық­тыру барысында ескерілуі тиіс.

2010 жылы ЕҚЫҰ-ны басқарған Қазақстан тәжірибесін одан кейінгі төрағалардың – 2011 жылы Литваның, 2012 жылы Ирландияның, 2013 жылы Украинаның және басқалардың  органи­калық түрде дамыта түсетініне менің сенімім мол. Сонымен бірге, ЕҚЫҰ-дағы жоғары деңгейдегі үнқатысудың үзіліп қалмауының да маңызы зор. Ол Ұйымға қатысушы барлық елдердің және олардың көшбасшыларының ниеттері мен ерік-жігерлеріне байланысты болмақ.  Бұл – Ұйымның ықпалдылығының, оған кіретін мемлекеттердегі тұрақтылық пен қауіп­сіздікті нығайтудың негізгі шарты.

Жаһандану түрлі елдер мен халық­тар­дың тағдырларын тығыз байланыстырды. Біздің  мақсаттарымыз  ортақ – Жер  ша­рын­дағы  бейбітшілік пен келісім, прогресс пен өркендеу. ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы жаһандық міндеті де дәл осы жоғары мақсаттарға қол жеткізу болып табылады.