Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
18.06Бұл күні:
2006

Мақалалары

«Известия» , 22 қыркүйек, 2009 жыл

Бесінші жол

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

ХХІ ғасырдың басы, әлемдік тәртіптің жақсаруына деген үмітке қарамастан, қатерлер мен сынақтарға толы болды, оларды жалпы өркениеттік дағдарыс ретінде белгілеуге болар еді. Бұл дағдарыс жүйелік болып табылады, өйткені біз өндірістік, энергетикалық, экологиялық, азық-түліктік, әлеуметтік, тіпті әскери-саяси дағдарыстардың бір мерзімдегі белгілерін көріп отырмыз. Бірақ та бәрінің негізінде жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жатыр, оны әлемдік валюта-қаржы архитектурасының ақаулары туындатты. Содан да біз жаһандық дағдарыстың басты себебін, соқтасын жойғанға дейін оның келеңсіз көріністері асқына береді.

Дағдарыс бастаулары және оны сауықтыру жолдары

Жаһандық дағдарыстың басты себебі, әлемдік резервтік валюталардың генетикалық ақаулары болып табылады. Үстіміздегі жылғы ақпанның басында “Российская газетада” жарияланған “Дағдарыстан шығу кілті” атты мақаламда мен осынау ақаулықты анықтау әрекетін жасадым. Бұл ақау мынада, әлемдік валюталардың қалыптасқан эмиссия тәртібі мен айналымы заңдылықтың, демократиялықтың, бәсекелестіктің, тиімділіктің, валюталарды пайдаланушылар тарапынан бақылаудың және сол сияқтылардың ешқандай өлшемдеріне сай келмейді. 

Осының бәрі басты, алғашқы ақаулардың бірімен заңды түрде байланысты: әлемнің барлық валюталары құнды иллюзиялық тұрғыда бағалаудың әлдеқашан ескірген құралдар санатына жатады. Бүгінде резервтік валюталардың бірде-бірі тауарлар мен қызметтердің шынайы құнын нақты бағалай да өлшей, айырбастай да көшіре алмайды. 

Жаһандық дағдарыстан шығудың мәні осынау өздерін әлдеқашан түгесіп болған әлемдік валюталардан жаңа сападағы жаңа қаржы құралдарына: тауарлар мен қызметтердің құнын нақты өлшеуіштерге әлдеқашан пісіп жетілген, сөзсіз көшуде болып отыр. Тек осы жаһандық геоқаржылық инновация ғана жаңа мақсаттар, құндылықтар, пайымдар базасында әлемді біртіндеп түбегейлі жаңартуды бастауға жол ашпақ. 

Әлемдік валюталардың жаңа санаты сөзсіз енгізілетіні және бүкіл алдыңғы қатарлы адамзаттың қызметіне заңды қабылданатыны күмән туғызбайды. Ерте ме, кеш пе оны әлемнің өрлеу үстіндегі қаржы элиталары мен геоқаржылық инновацияларды ендірудегі барынша озық елдер қажет ететін болады. Прогресс секілді бұл үдерісті де ешкім тоқтата алмайды. 

Алайда, әзірге әлемдегі барлық күштер бірдей өзінің болашағына деген мұндай көзқараспен келісуге әзір емес. Бұл әбден түсінікті де табиғи нәрсе. Сондықтан да дағдарыстан шығудың ұсынылып жатқан дауалар спектрі бүгінде айтарлықтай кең ауқымда. Ол қазіргі әрекет үстіндегі, оқиғалар аренасынан сөзсіз кететін қаржы элиталарының мүдделерін қорғаудың әрқилы әдістерінен бастап оларды ауыстыруға келе жатқандардың, жаңа санаттағы валюталардың ұлтүстілік эмиссия орталықтарын сөзсіз құратындардың мүдделерін іске асыруға дейінгі аралықта көсіліп жатыр. Бүгінгі дүниеде, әлемдік және ұлттық элиталардың түрлі топтарында қазірдің өзінде жаһандық дағдарысты емдеу дауаларының әрқилы нұсқалары байқап көріліп, әзірленуде. Солардың арасынан, меніңше, дағдарыстан шығудың кем дегенде бес негізгі жолы айқын сұлбаланып қалды. 

БІРІНШІ ЖОЛ: “Түпке жетуді қимылсыз бағу”

Емдеудің көне бұл дауасы ескі айналып соғатын дағдарыстар жағдайында әбден қолдануға боларлық еді. Ол бүгін де кеңінен пайдаланылады. Бірақ та осы жолғы жаһандық дағдарысты емдеуге қаншалықты келер екен? Өйткені, бұл дағдарыстың сипаты қағидаттық тұрғыда басқашалау. 

Бұл – негізгі гендік коды барлық өсу ресурстарын әлдеқашан тауысқан, сан мәрте ақаулы, өзін әлдеқашан түгескен әлемдік резервтік валюталар институты негізінде құрылған бүкіл әлемнің жүйелік дағдарысы. Сондықтан да, дағдарыстың шынайы “түбі” құлдыраудың аяқталуы мен өсудің басталуы емес, оның басты себебін толық жою болмақ. 

Мұндай “дауаның” қорытындысын болжау қиын емес. Біз ештеңені өзгертпейміз, сөйтіп, “түпке” дейін құлауды қимылсыз күтіп, бір-бірімізбен есеп айырысуда долларды (немесе еуроны) пайдалануды жалғастырамыз. Жаһандық дағдарыстың екінші немесе үшінші толқыны әлемнің резервтік валюталарын да, біздің елдеріміздің көп бөлігінің активтерін де нөлге айналдыруы мүмкін. Ал бұл біздің ұлттық өнеркәсіптік-технологиялық жүйе­леріміздің ыдырауына ғана емес, сонымен бірге ұлттық инфрақұрылымдардың күйреуіне де, әлеуметтік күйзелістерге және солардан туындайтын саяси апаттарға соқтыруы мүмкін. 

“Түпке жетуді” қимылсыз күтудің мұндай дауасы қарапайым тілде айтсақ былай болып шығады: “Біз әзірге жаңа дерттің мәнін білмейміз, бірақ та сізге оны ескі дерттің дәрісімен емдеуді ұсынамыз”. Мұндай дауа дағдарыстың басты, тереңде жатқан себебін жоя ма, гендік кодты өзгерте ме? Әрине, жоқ. Онда оны қаншалықты қолдануға болады, ол емдей ала ма және құтқара ала ма? Нақты “судың түбін” дағдарыстың түбегейлі себептерін жоюды бастап қана сезуге болады. Бүгінгі “түбіне жету” мен “шыға бастау” туралы түйдек-түйдек пікірлер шығу иллюзиясына негізделген болуы керек. 

ЕКІНШІ ЖОЛ: “Валюталық своптар”

Валюталық своп – бұл валюта рыногына қатысушылардың бір елдің ақша бірлігінің келісілген сомасын өзге елдің валютасына айырбастау жөніндегі екі қарама-қарсы конверсиялық мәмілелердің комбинациясы екені белгілі. Қазір біздің кейбір көршілеріміз Азиядағы, Еуропа мен Америкадағы өз әріптестерімен мәміледе дағдарыстан шығудың осынау тактикалық жолын белсене пайдалануда. 

Бұл, шынында да, дағдарыс езгісін жеңілдету үшін жаман нұсқа емес. Алайда, ол стратегиялық тұрғыда немесе ең болмағанда орташа мерзімдік тұрғыда қаншалықты тиімді? Ал мұндай жолдың орташа мерзім қорытындысын болжау қиын емес. Біз валюталық своптарға көшуді бастап, бір-біріміздің валюталарымызда жұмыс істеудеміз. Бірақ та дағдарыстың екінші немесе үшінші толқынынан кейін әлемнің жетекші елдері аман қалуға, соның ішінде басқалардың ұлттық валюталарын күйрету есебінен аман қалуға ұмтылатын болады. Күшті әрдайым осалдың есебінен, әсіресе, өзі апаттық жағдайда күшінен айырылып бара жатқанда осалдың есебінен аман қалуға ұмтылады. Бұл – қазіргі тұрғыдағы джунгли заңы.

Нәтижесінде, валюталық своптар технологиясы қолдана алмаушылыққа дейін қиындайды. Сонда бізге өзара сауда-саттықты сақтау үшін, не бөгде біреудің ақаулы ұлттық валютасын қабылдауға, не бартерге көшуге тура келетіні сөзсіз. Ал мұның өзі бізді 1-Жолдың “түбіне жетуді” күту жөніндегі қайғылы жағдайына жеткізетіні кәміл. 

“Валюталық своптардың” бұл жолы жаһандық дағдарыстың ең терең себептерін, оның “ақаулы” гендік кодын жоя ала ма? Немесе бұл жолдың ең болмағанда қандай да бір жаңалығы бар ма? Әлбетте, жоқ. Валюталық своптар – бұл іс жүзінде осы заманғы орамдағы орта ғасырлық валюталар бартерінің, геоқаржылық инновацияның дөрекі түрінен басқа ештеңе емес.

Бұл дауаның қарапайым тілге аудармасы былай болып шығады: “Біз бұл дерттің тереңде жатқан мәнін білмейміз, бірақ та сізге уақытша ауруды сезінбеу тәсілін ұсынамыз”. Бұл жергілікті қаржылық анестезия дағдарыстың кейбір езгісін жеңілдетіп, бізді ескі жүйенің соңына қарайғы жолда уақытша тыныштандырады. Алайда, бұл жүйенің генетикасын ешқандай да өзгертпейді және оның гендік кодына ешқандай жаңалық енгізбейді. Және ескі әлемдік валюта жүйесінің күйреуі жағдайында өзінің ауруды сездірмеу тиімділігін тез жоғалтады.

ҮШІНШІ ЖОЛ: “Доллар идеяларының өңін айналдыру”

Бұл жол бәзбір ұлттық валюталардың бірін өңірлік, континенттік немесе әлемдік резервтік валютаға айналдыруда болып отыр. 

Бүгінде әлемнің бірқатар елдерінің жетекшілері осындай ниеттері туралы мәлімдеуде. Яғни іс жүзінде “доллар идеясын”, бірақ та өз ұлттық валютасының “костюмімен” қайталап іске асыру туралы мәлімдеуде. Басқаша айтқанда, өзіне және өзінің ұлттық валютасына ұлтүстілік валютаның шамасы жетпес таңғажайып миссиясын және оның қайғылы жолын таңғажайыптықпен қайталауды жүктеуде.

“Доллар идеяларының өңін” жергілікті киіммен өңірлік, континенттік немесе жаһандық деңгейде айналдыру да апатқа ұрындырады және бұл идеяны ұсынушы елдің ғана емес, сонымен бірге бұл валюта пулына кірген елдердің де ұлттық экономикаларын күйретуі мүмкін. “Доллар идеясын” көшіретін мұндай “дағдарыстан шығу” дауасының қорытындысын есептеп шығу қиын емес – сол дағдарыс, бірақ енді жаңа құрылған валюталық бірлестік (одақ) шеңберіндегі дағдарыс болмақ. 

ЕурАзЭҚ немесе ШЫҰ-да біздің біріміздің ұлттық валютамыз негізіндегі мемлекетаралық ұлтүстілік қатынастарды құрған жағдайда біз елдердің бірінің ұлттық ақшасын әлемдік валюта рөлінде пайдалану себебіне байланысты туындаған жаһандық дағдарыс схемасын қайталайтынымыз сөзсіз. Бұған қоса осы ретте өңірлік қайшылықтарды бәзбіреудің ұлттық валютасын ұлтүстілік валюта ретінде пайдалану арқылы шешудің мүмкін еместігі секілді өзіміздің өңірлік дағдарысымызды туғызамыз. Яғни, жаһандық дағдарыстан ішінара болса да шығуға қол жеткізіп қоймаймыз, қайта оны кеңейте түсеміз. Мұның өзі бізді 2-Жолдың жарақатты ізіне, немесе 1-Жолдың қайғылы қорытындысына апаратыны сөзсіз. 

“Доллар идеяларының” мұндай өңін айналдыру әлемдік қаржы жүйесінің тереңде жатқан ақаулы гендік кодын жоя ала ма? Әрине, жоқ. Керісінше, ол осынау ескі гендік кодты өңірлік, континенттік және әлемдік ауқымдағы жаңа валюта-қаржы тетігіне салып, оны жергілікті валюталық “костюмдегі” маркамен көбейте түседі. 

ТӨРТІНШІ ЖОЛ: “Ұлтүстілік эмитент”

Жаңа ұлтүстілік валютаны қандай да бір ұлтүстілік эмитенттің күшімен эмиссиялау идеясының жақтастары біртіндеп көбейіп келеді. Оның бастамашыларының көп бөлігі қандай да бір синтетикалық валютаның ғана немесе қазіргі бар валюталардың қоржынынан құрылған SDR ­ ХВҚ-ның қарыз алудың арнаулы құқығы тұрпатты есеп айырысу-төлем бірлігінің әрқилы нұсқаларын айтып отырса да солай болып тұр. Соған тиісінше SDR қоржынының кез келген араластырылуы ­ бұл дағдарыстан “шығудың” іс жүзінде ешқандай да нақты шығу болып табылмайтын ақаулы жолы. 

Бұл жағдайда біз бұрынғы бірден-бір әлемдік валютаның алдын ала ақаулы эмитентінің орнына бұрынғыға қарағанда ақаулығы кем емес әлемдік валютаның “жаңа” топтық эмитентін аламыз. Бұл әлемдік резервтік валюта (SDR) да оның қоржынын құрайтын (егер бәзбіреулерге алтынды қосу мүмкін болса, содан басқалары) барлық валюталар секілді құнды иллюзиялық бағалаудың құралы болып қалады. 

Ақаулы және дімкәс ұлтүстілік эмитентін құрудың мұндай дауасы ескі валюта жүйесінің бәзбір туабітті генетикалық ақауын жоя ала ма? Оның тереңде жатқан гендік коды осындай жолмен өзгере ме? Егер әңгіме SDR тұрпатты құралдар туралы болып отырса, онда жоқ екендігі әбден айқын. Бүгінде бұл жолда кейбір саламатты идеялар бар болса да солай болып табылады. Солардың бірі ­ SDR-дың төрт валюта қоржынын оған қосымша, мәселен, юаньді, рубльді және алтынды қосу жолымен модификациялау. 

SDR-дың мұндай модификацияланған қоржынында ендігі жерде жаңа сападағы валютаның ­ тауарлар мен қызметтердің шынайы құнының нақты өлшегішінің алғашқы өскіндері пайда болуы мүмкін. Ал оның өзі әлемнің жаһандық дағдарыстан шығуы үшін алғашқы нақты “көпір” құрылысы бастауының атаулы элементі бола алар еді. 

Осынау төртінші жолдың басқа нұсқалары да бар. Мәселен, Латын Америкасы елдерінде ALBA тобы әзірлеген солардың бірі іске асыру кезеңінде тұр. Осынау бес елдің айрықша ұлтүстілік эмиссия орталығы эмитеттейтін жаңа ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлемнің “сукре” бірлігін 2010 жылдан бастап айналымға енгізу жоспарланып отыр. Парсы шығанағы елдерінің тобы әзірлеген осындай басқа бір нұсқа 2011 жылы іске қосылады деп мәлімденген. 

Жаңа саламатты ұлтүстілік эмитент құра бастаудың мезгілі жеткен тағы бір перспективалы өңір бар. Бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымының елдері. Біздің елдеріміздің ұлтүстілік дағдарыстан шығуын біздің бәріміз үшін бірыңғай электрондық есеп айырысу бірлігінің ұлтүстілік эмиссиялық орталығын құру жолымен ғана нақты бастауға болады. Мен мұны ШЫҰ бойынша әріптестеріме ұсындым. Мұндай ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлем бірлігі қалыптасқан валюталық жүйелерді өзгертпейді, қайта толықтыра отырып ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық инвестициялауды да, ағымдағы транзакцияларды да жүргізуге мүмкіндік береді. Ол ШЫҰ-ның барлық елдерінің және тұтастай Еуразияның ұзақ мерзімді ұлттық, өңірлік және жаһандық мүдделеріне эмитациялануы тиіс.

Жаңа ұлтүстілік эмитентті құру үшін тағы бір өңір, нақтылап айтсақ континент – бұл әрине, Азия. Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглиц Бангкоктағы, ЭСКАТО ғимаратындағы көпшілікке арналған жуырдағы лекциясында Азия елдерін жаңа ұлтүстілік бүкіләлемдік резерв жүйесін құруға шақырды және бұл үдерісті іс жүзінде бастаудың орны ретінде тікелей Азияны көрсетті. 

Бұл идеяға, мәселен, АӨСШК – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің күшімен айтулы қолдау білдіруге болады. Осы ұйымға кіретін Азияның жетекші 20 елі, Азияның үлкен жиырмалығының, А-20-ның таяудағы саммитінде-ақ Азияның ұлтүстілік электрондық есептесу бірлігін әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдай алар еді. Бұл әлемдік экономиканың саламаттық бөліктерін дамытудың заңды үдерісі ретінде А-20 елдерінің өңірлік валюталық-есеп айырысу бірліктерін (экю, еуро, акю, динар, сукре, афро) құрудың біртұтас әлемдік тренд арнасындағы абсолюттік табиғи қадамы болар еді. 

Саламатты ұлтүстілік эмитент құрудың мұндай 4-Жолдың қорытындысын болжау қиын емес. Осы ареалдардың әрқайсысында өздерінің ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлем бірлігі әзірленуде. Және айналымға өздерінің ұлтүстілік есеп айырысу-төлем одақтарының күштерімен енгізілуде. Осылайша, бұл өңірлер иллю­зиялық тұрғыда емес, біртіндеп және қадам-қадаммен жаһандық дағдарыс аймағынан шығарылуда. Одан әрі қарай өз қадамдарын басқа ұлтүстілік валюталардың эмиссиялық орталықтармен үйлестіре отырып, өзінің айрықша бүкіләлемдік эмиссиялық орталығы бар біртұтас әлемдік валютаны әзірлеуге жолдар іздестіруде. 

Мұндай ұлтүстілік бүкіләлемдік эмитент құрудың өзекті қажеттілігін жуырда ең беделді ұлтүстілік орган – БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) да қуаттады. Осы баяндамада жүйе валюталар мен капиталдарға қатысты жаһандық экономиканы тиімсіз басқарғаны және қаржылық және экономикалық дағдарыстардың басты себебі болып табылатыны туралы қорытынды жасалды. Сондықтан да жаһандық резерв­тік валютаның қазіргі бар жүйесі толығынан қайта қаралуы тиіс. UNCTAD-тың бұл баяндамасы – ең беделді бүкіләлемдік институттардың бірінің 4-Жол бойынша алғашқы айтулы қадамы. 

Мұндай 4-Жол уақыт өте келе бізге жаңа әлемдік валюта және оны пайдаланушылардың ұлтүстілік пулының қатаң бақылауымен әрекет ететін жаңа тұрпатты эмиссиялық орталық құруға шығудың перспективалы жолын беретіні анық. Бұл әлемдегі жаһандық дағдарыстардың жиілігін күрт төмендететіні, ал уақыт өте келе оларға мүлде ұрынбау мүмкіндігін беретіні айдан анық. 

Құқықтық, қаржылық, ұйымдық және техникалық мәселелер мен мұндай ұлтүстілік электрондық есеп айырысу бірліктерін ендіру шығындары біздің елдеріміз жаһандық дағдарыстан “бір-бірлеп” және “ескі әдіспен” жалған да иллюзиялық құтылу жағдайында шегуі мүмкін қаржы-экономикалық, саяси және геосаяси зардаптармен салыстыруға келмейді. 

БЕСІНШІ ЖОЛ: “Жаңа санаттың валютасы”

Бұл жол қағидаттық тұрғыда жаңа санаттағы ұлтүстілік есеп айырысу-төлем бірілігін (содан кейін валютаны да) әзірлеу және айналымға ендіру жөніндегі жақын ниеттес елдер тобының күш-жігерін біріктіруден тұрады.

Бұл жолдың түбегейлі жаңалығы құнды иллюзиялық бағалаудың ескі валюталық бірлігінен тауарлар мен қызметтердің шынайы құндылығын нақты бағалаудың жаңа құралдарына саналы да мақсаткерлікпен көшуде болып отыр. 

Ескі валюталардың орнын басуға келетін өңірлік және әлемдік қаржы құралдарының жаңа санатының әлдеқайда кең анықтамасы мынадай жеті өлшемді қамтиды: 

Біріншіден, бұл – ескі, заңға дейінгі немесе тіпті заңсыз әлемдік резервтік валютаға қарағанда жаңа заңды әлемдік валюта болады. 

Екіншіден, бұл – бір елдің қаржы орталығы адамдардың шағын тобының мүддесі үшін эмитациялайтын ескі тоталитарлық валютаға қарағанда бүкіл адамзаттың мүддесі үшін жаңа демократиялық эмиссиялық орталық эмитациялайтын жаңа демократиялық валюта болады. 

Үшіншіден, бұл – жалған құнды ескі иллюзиялық бағалауға қарағанда шынайы құнды нақты өлшеудің құралы. 

Төртіншіден, бұл ­ бақылаусыз қорланудың ескі құралдарына қарағанда пайда өндірісін бақылаудың жаңа қаржылық құралы.

Бесіншіден, бұл – өзімшілдікке, дүниеқорлыққа және ашкөздікке қызмет ететін бәсекелестік пен пайда табудың емес, елдердің, халықтардың, әлем мен адамзаттың біртұтас ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қызмет ететін бәсекелестік пен пайда табудың тұтас, мүдделес, жаңа қаржылық құралы. 

Алтыншыдан, бұл – барлық арқаулық дәстүрлі құндылықтарды қирататын құндылықтардан тыс бәсекелестік пен пайда табу емес, елдердің, халықтардың, әлем мен адамзаттың дамуының ортақ құндылықтарын нығайта түсетін мақсатқа бағытталған бәсекелестік пен пайда табудың жаңа қаржылық құралы. 

Жетіншіден, бұл – мән-мағынасыз дүние жиюшылық пен тұтынушылықтың ескірген құралдарына қарсы тұратын, елдер мен халықтардың, әлем мен адамзаттың дамуының асқақ мұраттарына толы пайымдалған пайда табудың, бәсекелестік пен дамудың жаңа қаржылық құралы. 

Қағидатты түрде осындай жаңа сапаға ие валютаны ойластыру мен енгізу адамзатты жаһандық дағдарыстан кепілді түрде алып шығудың айқын да сенімді жолы болып табылатындығы талас тудырмаса керек. Мұндай жол әлемдік валюта-қаржы жүйесінің гендік кодының өзін түбегейлі түрде өзгертеді әрі осы дағдарыстың терең себеп-салдарларын жоюға кепілдік береді. 

Жаңа тұрпатты валютаны ойластыру мен енгізу кезегі жеткен, нақты жүзеге асыруға болатын әрі прагматикалық міндет. Адамзат мұнан да күрделі міндеттерді табысты шешкен болатын. Әуел баста осы жаңа валютаны болашақта қолданушылардың ниеті мен ерік-жігері жетіп жатыр. Сондай-ақ осы ниет пен ерік-жігерді бұл міндетті қадам-қадамымен, іс жүзінде іске асыруды бастайтын біртұтас ұйымға ресімдеу қажет. Әлем елдері БҰҰ аясында UNCTAD-тың таяудағы баяндамасы негізінде қазірдің өзінде бұл бағытта алғашқы қадамды жасауға мүмкіндік алып отыр. 

Әлемдік прогресс тосындығы

Осы заманғы инноватикаға бажайлап, жүйелі түрде қарау инновацияның қазірше жұрт онша ажырата қоймайтын түбірлі үш тобын көруге мүмкіндік береді. Бұл, біріншіден, елдер мен әлемнің дамуының, технологиялық жөн-жосығының негізіне алынған техникалық-технологиялық инновациялар. Бұл, екіншіден, ілгері дамуы елдер мен әлемнің валюта-қаржылық жөн-жосығының алмасуын айқындайтын валюта-қаржылық инновациялар. Бұл, үшіншіден, елдер мен әлемнің әлеуметтік-саяси жөн-жосығының алмасуының негізіне алынған әлеуметтік-саяси инновациялар. 

Инновациялардың осы үш “қабаттарын” нақпа-нақ айырып алу жаһандық дағдарыстың мәні мен одан шығудың жолдарын айқындау үшін өте маңызды. Өйткені, оның мәні әрбір ел мен тұтас әлемнің технологиялық, валюта-қаржы және әлеуметтік-саяси жөн-жосықтарының дамуының қарқыны мен деңгейі арасындағы шешілмейтін қарама-қайшылықтардың түйіндерін тарқатуға тіреледі. Немесе, басқаша сөзбен айтқанда, әлемдік техника-технологиялық қаржылық және әлеуметтік-саяси инновациялардың енгізілу қарқыны арасындағы айқын көрі­нетін әрі баяғыда-ақ пісіп-жетілген қарама-қайшылықтардың түйініне тіреледі. 

Жаһандық дағдарыстың бізге айқын көрсетіп отырғанындай, техника-технологиялық жөн-жосық бүгінгі таңда ел мен әлемнің өркендеуі үшін негізгі нәрсе емес. Қайта жаһандық дағдарыстың басты көзі мен түйінді себебі дәл осы техникасы мен технологиясы жоғары дамыған елдер болып шықты. Анығырақ айтқанда, ол елдердің өзі емес, сол елдердің валюта-қаржылық және әлеуметтік-саяси инновацияларды енгізудің қарқынын техноло­гиялық инновациялар деңгейіне жеткізуге құлықсыздығы немесе соны жасай алмауы. 

Мәселе әлемдік әлеуметтік-саяси жөн-жосықтың өзегі қазіргі таңда, жоғарыда айтқанымыздай, әлдеқашан тозығы жеткен валюта деңгейі болып табылатын әлемдік валюта-қаржылық жөн-жосыққа басы ашық түрде негізделіп отырғандығында. Міне, жарты ғасырдай уақыттан бері инновация көрмеген әлеуметтік-саяси жөн-жосықтың валюта-қаржылық өзегі талайдан қатып-семіп тұр, іргесі сетінеп, жаһандық дағдарыс барысында күйреп жатыр. Одан шығу үшін біз осы өзекті түбегейлі түрде сауықтырып, жаңартуға тиіспіз. Яғни, оны бүкіл адамзаттың мүддесі үшін түбегейлі және терең инновацияларға ашып, жайып тастауымыз керек. Дағдарыстан шығудың басқа жолы тіпті жоқ. 

Мұны түбегейлі түрде, тез әрі жедел атқаруға бізге кім және не кедергі келтіреді? Әлемдік қаржылық инновацияларды енгізу жолындағы басты кедергі – әлемдік валюта-қаржылық жүйенің өзі және сол жүйемен байланысты, әлдеқашан ескірген құралдарға тастай жабысып отырған әлемдік элиталар. Оны демократиялық, яғни оны пайдаланушылардың басым көпшілігінің мүддесі үшін басқаруға көнетін деп санауға бола ма? Бола қоймас. Егер ол демократиялық болмаса, пайдаланушылардың басым көпшілігінің бақылауынан тыс іс-әрекеттер етсе, солай екені қазірдің өзінде анық, оның табиғаты тоталитарлық болғаны ғой? Олай болса, әлемдік демократияның алдыңғы қатарлы жасағы осыған дейін мұншама басы ашық әрі қағидатты қарама-қайшылықтарды байқамағанымен қоймай, өзі де соның алғашқы құрылысшысы мен қорғаушысына айналғаны қалай? 

Сонда ғасырлар бойы саяси демократия жолында күресе жүріп адамзат демократияның кішігірім белгілерінің өзінен атымен ада әлемдік тоталитарлық валюта-қаржылық жүйенің қалай жасалғанын да байқамаған болып шығады. Міне, мұның өзі әлемдік прогрестің адам айтса нанғысыз әрі драмаға толы тосындығы және жаһандық дағдарыстың бізге берер басты қатал тағылымы. Әлемнің елдері мен халықтары жаңа, шынайы демократиялық әлемдік валюта-қаржы жүйесін жасамайынша, бұл парадокс бізді прогресс жолынан сыртқа қарай ұдайы сүйрей беретін болады. 

Шынайы демократия мен еркіндіктің өлшемдері

Жаһандық дағдарыс – жаһандық мәселелер қордаланатын және дағдарыстан шығу жолдарын іздейтін кез ғана емес. Бұл әрі әлем мен адамзаттың болашаққа баратын жолын жаһандық ауқымда таңдаудың да уақыты. Ең алдымен, бұл әлемдік валюта-қаржы және әлеуметтік-саяси жөн-жосықты таңдаудың, жеке тұлғаның, халықтың, елдің, адамзаттың және тұтастай әлемнің даму құралдарының түрлері мен сапасын таңдаудың бірегей уақыты. 

Қазіргі таңда әлемде адамзаттың жаһандық дағдарыстан шығуының жоғарыда келтірілген кем қойғанда бес жолы айқын көрініп үлгерді. Дағдарыс әр халық пен әр елге өзінің төл болашағын таңдауға сирек мүмкіндік беріп отыр. Бұл таңдау бүгінгі таңда инновацияларды елдер мен әлемнің валюта-қаржылық жүйесі әрекет ететін түрлері мен тұрпаттарын таңдауға тіреледі, мұның өзі адам, отбасы, халық, ел, әлем және бүкіл адамзат өмір сүруді қалайтын әлеуметтік-саяси және техника-технологиялық жөн-жосықтың арқаулық өзегі болып табылады. 

Жаһандық дағдарыс бізге әр ел үшін және тұтастай алғанда бүкіл әлем үшін нағыз демократия сәтінің бірегей мүмкіндігін беріп отыр. Әрбір ел мен әрбір халық өзінің болашағын таңдаудың нағыз демократиялық және еркін таңдаудың тарихи қадамын жасаудың нақты мүмкіндігіне ие болып тұр. Өзінің дағдарыстан шығуының нұсқасын тек халық қана таңдай алады және солай етуге тиіс. Бүкілхалықтық таңдаудың демократиялық актінен (мысалы, референдум жолымен) кейін ғана ел басшылығы іс-әрекетке көшу құқына ие болады. Ал ел элитасы халық белгілеген сол бағытпен алға жүрудің әдіс-тәсілдерін ойластыру құқына ие болады. 

Бұл орайда таңдаудың нақты еркіндігі бүкілхалықтық дауыс беру тізіміне дағдарыстан шығудың жоғарыда айтылған барлық, кем дегенде бес жолын түгел енгізумен кепілдендіріледі. Нақты бостандық пен халықтың өз болашағын таңдаудағы шынайы демократияның осынау екі қарапайым өлшемі халық пен елдің жиырма бірінші ғасырдың қатерлеріне қарсы тұра алу қабілетінің шама-шарқы мен деңгейін нақты іс жүзінде бағалауға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, бұл таңдау дәл Бесінші жолды таңдау болып шығады деп сенемін және солай болатынына күмәнданбаймын.