Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
23.03Бұл күні:
2005

Мақалалары

«Известия» , 2 сәуір, 2010 жыл

Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ

Жалпылай алғанда, бір айдан кейін екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуына байланысты мерейтой аталып өтіледі. Әлемде өткен ғасырдың орта шеніндегі ұрыстарға қатысқан миллиондаған адам бар. Бірақ тарих пен қазіргі заман арасындағы айырмашылық сонда, АҚШ-тың бұрынғы вице-прези­денті Уолтер Мондейлдің айтуын­ша, “Үшінші дүниежүзілік соғыста ардагерлер болмайды”.

Жаңа ғасырдың ұшқыр оқи­ға­лары қауіпсіздіктің ескі тетіктеріне жаңаша қарауға итермелейді. Бұл жерде әңгіме ядролық қауіпсіздік туралы болып отыр. Ядролық елдерді басқаратын адамдардың шағын шоғыры жаппай қырып-жоятын қаруға қатысты өздерінің ұстанымдарын дәлелдей ала ма? Ядролық технологияларға нақты да тиімді бақылауды жүзеге асыра оты­рып, сонымен бір мезгілде, еге­мен мемлекеттердің бейбіт атомды дамыту құқына қалайша кепілдік беруге болады? Ядро саласында жалған емес, түпнұсқалы тепе-тең­дікті қалай қамтамасыз еткен жөн? Таратпау жөніндегі проблемаларды шешуге дипломатия әлеуеті қанша­лықты деңгейде пайдаланылып жүр?

Осы және басқа да мәселелер Вашингтонда өтетін алдағы ядро­лы­қ қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте ашық та жемісті пікір алмасулардың тақырыбы болады деп сенемін.

Ядролық таратпау ­– қазіргі заманғы императив

Ядролық державалар клубының бақылаусыз кеңею қатері – ХХІ ғасырдағы аса көкейкесті пробле­ма­лардың бірі. Егер халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға ие мемлекеттер ауқымының кеңеюіне қарсы саяси күш-жігер таныта алмайтын болса, оның салдарлары үлкен ауыртпалықтарға алып келуі әбден мүмкін.

Менің көзқарасымша, таратпау саласындағы бүгінгі ахуал көңіл­дегі­ден көп төмен жатыр. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім (ЯҚТК) өзіне артқан сенімді ақтай алмай отыр. Өйткені, ол асим­ме­трия­лы болып табылады және ядро­лық қаруы жоқ елдерге қатыс­ты санкцияларды ғана қарас­ты­ра­ды. Ол МАГАТЭ мен БҰҰ-ның мемлекеттердің ядролық нысан­дарға халықаралық инспектор­лар­дың жіберілуінен ауытқу факті­лері­не нақты да түсінікті ықпал ету тетік­теріне ие емес. Ақыр аяғында ЯҚТК өзінің қатысушыларына қол қоюшылар қатарынан ешқандай салдарсыз шығып кетуіне мүм­кін­дік береді. Осы жағдайлардың бар­лығы келісімнің тиімділігі мен нақтылығын әлсіретіп отыр.

Сондықтан, ЯҚТК-нің әмбебап режімін нығайтуға және бекемдеуге ықпал ете отырып, Қазақстан со­ны­мен бір мезгілде ядролық қаруды таратпаудың жалпыға ортақ гори­зон­тальды және вертикальды жаңа да әмбебап келісімін жасау идеясын алға тартты. Аталған құжат “қосар­ланған стандарттарды” қолданбауға кепілдік беруі тиіс. Сонымен қатар, тараптардың нақты міндеттемелерін және оның ережелерін бұзғандарға санкция қолдану тетіктерін қа­растыруы қажет.

Сонымен бірге, біз таратпау режімін бекемдеу жолында маңыз­ды кезең бола алатын әскери мақ­саттағы тұтандырушы материал­дар­ға тыйым салу жөніндегі келі­сім­ді тезірек қабылдау қажеттігіне сенім­діміз.

Әлемде бүгінде тұтандырушы материалдар екі мың тонна төңі­регінде артық жинақталғанын қа­пер­ге сала кеткеннің артықтығы жоқ. Олар әскер жүйесінде пай­да­ланылып отырған жоқ, бірақ ядро­лық жарылғыш құрылғылар дай­ын­дауға әбден жарайды. Лаңкестер өздерінің қолдарына тіпті қара­байыр ядролық арсенал тиген жағ­дайда салмақты мемлекетаралық жанжалдарға арандатуды жүзеге асыра алатынын сезіне алып отыр­мыз ба?

Алдын ала кесіп-пішілмеген фак­торларды сараптау Қазақстан­ның Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығын құруға ықтимал ұтымды кандидат бола алатынын айғақтайды. Ықтимал ор­талық аясында барлық қажетті далалық жаттығулар мен теориялық семинарлар өткізуге болар еді. Аталған орталық Орталық Азияның сарапшылық және ішкі мемле­кет­тік бақылау, ядролық материал­дар­ды физикалық есепке алу мен қор­ғау жүйесін жетілдіру саласындағы әлеуетін күшейте түсер еді.

Мораторийден ядролық сынақтарға толық тыйым салуға дейін

Ядролық сынақтардың барлық қасіретін мойнымен көтерген Қазақстан халқы үшін оларға толық тыйым салу мәселесі аса көкейкесті болып табылады. Өйткені, Семей поли­гонында 40 жылда 450 сынақ жасалса, одан 1,5 миллион адам зардап шекті. Сондықтан мен 1991 жылдың 29 тамызында еш қо­бал­жымастан Семей ядролық полиго­нын жабу туралы Жарлық шығар­дым. Арада уақыт өте келе дәл осы күннің Қазақстан бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қи­мылдың халықаралық күні болып жариялануында терең нышандық мән бар.

Қазақстан бейбітшілік сүйгіш сырты саяси бағыт ұстана отырып, МАГАТЭ-мен, Ядролық ма­те­риал­дармен қамтамасыз ету тобымен, Кра­ков бастамасымен, Цангер ко­митетімен және Ядролық тер­ро­ризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамашылармен та­бысты ынтымақтасып келеді. Қа­зақстан ядролық материалдардың ықтимал сыртқа шығуын толық болдырмау мақсатында ОМУ-ды таратпау жөніндегі ұлттық комис­сия құрды. Оның құзыретіне ядролық циклге қатысты барлық мәселелер кіреді.

Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу (ЯСЖТС) туралы дайындық комиссиясымен жергілікті жерлерде халықаралық мониторинг және әдіс-тәсілдер жүйе­сін инспекциялауды дамыту мә­селелері бойынша өзара іс-қимылға үлкен маңыз береді. Осы ынтымақтастық шеңберінде 2008 жылы Семей өңірі аумағында интеграцияланған далалық экспе­римент өткізілді.

Біз кейбір айтарлықтай ық­пал­ды елдердің күні бүгінге дейін ЯСЖТС-ға қол қоюдан және ра­ти­фикациялаудан қашқақтап отыр­ғанына өкініштіміз. Мұндай жағдай ресми ядролық мемлекет­тер­ге ядролық қаруды сынақтан өткізуді жалғастыруға, ал соның табалдырығында тұрған елдерге өздерінің зымырандық-ядролық бағдарламалары бойынша жұмыс­тар­ды ешбір жазасыз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Осындай жағдайда ресми ядро­лық мемлекеттерге ерекше жауап­кер­шілік жүктеледі. Олар қара­пайым шындықты түсінулері тиіс, әрі ядролық қаруды модерни­за­циялау, әрі сонымен бір мез­гіл­де, дамушы мемлекеттерді жаппай қырып-жоятын қару жасау бағ­дарламасынан бас тартуға сендіру қиын. Осы тұрғыдан алғанда, әлем­дік державалардың ядролық сынақтар өткізуге өз еріктерімен мораторий жариялауды сақтаулары – өте маңызды фактор, бірақ оның ұзақ мерзімді перспективада жеткіліксіз екені анық.

Мен ЯСЖТС-ның күшіне енуі тәуелсіз барлық мемлекеттерді саяси ерік-жігер танытып, аталған аса маңызды құжатқа қол қоюға және ратификациялауға шақыра­мын. Қазақстан Барак Обаманың бұрынғы АҚШ әкімшіліктерінің атал­ған келісімге қатысты көзқара­сын қайта қарап, оны сенаттың бе­кі­­туі­не енгізу туралы шешімін қуат­­тап, қолдайды. Біз сенаттың атал­­ған тарихи құжатты ратифи­ка­ция­лауы өзге мемлекеттерді АҚШ-тан үлгі алуға итермелейді деп сенеміз.

Бейбіт бағыттағы ядролық бағдарламаларды дамыту – егемен мемлекеттердің ажырамас құқығы

Ядролық қауіпсіздік саласында бүкіл адамзат үшін заңды және өмірлік маңызды бақылау шара­ла­рын қабылдай отырып, халық­аралық қоғамдастық энергетика және жоғары технологиялар саласындағы жаһандық трендтерді назардан тыс қалдырмауы тиіс. Сондықтан ядролық терроризммен күрес саласындағы жаһандық күш-жігер мен халықаралық құқық тұрғысынан алғандағы ашық ядролық бағдарламалар арасында ойластырылған тепе-теңдік қажет.

Менің пайымдауымша, тек бір ғана санкциялар – олар тіпті тиім­ді болғанның өзінде де – бұл жерде жеткіліксіз. Бейбіт бағыт­тағы атомға деген заңды құқы­ла­ры­нан айыра отырып және олар­дың ұлттық намыстарына тие отырып, бүтіндей бір мемлекеттер мен халықтарды тығырыққа тіреу­ге болмайды. Осынау күрделі мә­се­лелерде оң стимулдар, ынталан­ды­рулар мен преференциялар қажет. Халықара­лық-құқықтық ке­ңістікте қалу және тек қана бейбіт бағыттағы ядролық бағдарлама­лар­ды дамыту мемлекеттер үшін эко­но­микалық тұрғыда тиімді болуы тиіс.

Табиғи уранның ірі қорларына, технологиялық базаға, дамыған инфрақұрылымға ие Қазақстан да бейбіт бағыттағы ядролық бағ­дар­ла­маны дамытуға деген өзінің заң­ды құқығын пайдаланатын бола­ды. Біз шетелдік әріптестерге ши­кізат жеткізуші рөлімен шектеліп қалмай, әлемдік технологиялық тізбекте неғұрлым лайықты орын алуға ұмтылатын боламыз.

Қазақстан бейбіт бағыттағы атомға барлық елдердің тепе-тең қолжетімділігі принципінің сенімді жақтаушысы болған және болып қалады. Сондықтан Қазақстан Ресеймен бірге Ангарскіде Уранды байыту жөнінен халықаралық орталық құруға атсалысатын бо­лады, сол үшін де бізге МАГАТЭ аясында Ядролық отынның халық­аралық банкін құру идеясы мей­лінше жақын және түсінікті. Қа­зақ­станның аталған банкті өз аума­ғында орналастырып қана қоймай, сонымен бірге ядролық отын­ды тиісінше сақтауды қамта­ма­сыз етуге дайын екендігін тағы да жауапкер­шілікпен мәлімдегім келеді.

Қазақстанның бейбіт бағытта­ғы ядролық бағдарламаны әскери бағыттағы бағдарламадан бөліп тұр­ған шекараны ешқашан атта­май­тынына сендіре аламын.

Ядролық арсеналдарды қысқарту – ядролық қарусыз әлемге қарай жасалған нақты қадам

Осыған байланысты Қазақстан Барак Обама мен Дмитрий Мед­ве­девтің стратегиялық қару-жарақ­тар саласында жаңа келісім-шарт бекіту жөніндегі күш-жігерлеріне айрықша үміт артады. Біз БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның уағда­лас­тықтар заңды сипатқа ие бо­лып, оларды се­німділендіру мүм­кін­дігі қарастыры­луы тиіс деген тілегін қолдаймыз.

Сонымен бірге мен страте­гия­лық ядролық қару-жарақтарды қыс­қарту саласында қол жеткізіл­ген және күтілген табыстар өзі­міз­ді-өзіміз тыныштандыруға, оның үстіне еш себепсіз эйфорияға апармауы тиіс деп есептеймін. Атап айтқанда, Жер шарының түр­лі өңірлерінің аумақтарында так­тикалық ядролық қару-жарақтар­дың айтарлықтай қорлары шоғыр­лан­дырылғанын ұмыта алмаймыз. Таяу болашақта тактикалық ядро­лық қару-жарақтарды қысқарту мен жою мәселелерін жаһандық күн тәртібіне енгізу саналы қадам болар еді деп ойлаймын.

Менің пайымдауымша, Тынық мұхиттың Латынамерикалық бөлігі, Оңтүстік-Шығыс Азия тәрізді ядролық қару-жарақтан ада өңірлік аймақтардың тәжірибесін зерделейтін уақыт келді. Мұның сенімсіз көрінуі мүмкін – ядро­лық қарусыз аймақтарға ресми ядролық мемлекеттер тарапынан мойындауды және тиісті қарарлар қабылдауды жылдап күтуге тура келеді. Осының бәрі жаһандық державалардың олардың ядролық қарусыз әлемге шынайы ұмтылы­сы туралы жасаған талай-талай мәлімдемелері аясында орын алып отыр. Сондықтан мен қауіпсіздік кепілі ретінде де, сол сияқты қа­ты­сушы мемлекеттерге тиісті пре­ференциялар ретінде де қара­с­тырылатын ядролық қарусыз ай­мақтардың халықаралық-құқық­тық мәртебесі туралы мәселені шұ­ғыл түрде талқылауды ұсы­намын.

Ойымды түйіндей келе бүкіл халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі сәуір саммитіне қатысу­шылардың назарын бірнеше принципті жәйттерге тағы да аудара түсу қажет деп есептеймін.

Бірінші. Ядролық қарусыз әлем – қысқа тарихи мерзімде қол жеткізу мүмкін емес аса ауқым­ды мақсат. Дегенмен, бұл қа­руды таратпау, ядролық қару­сыз­дану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәсе­лелерінде бүгін атқарылуға тиіс істерді ертеңге қалдыруға сылтау бола алмайды.

Екінші. Ядролық қарусыз әлемнің болашағы көптеген жағ­дайда бүгінде қалыптасып жатқан халықаралық тәртіптің қандай болатындығына байланысты. Демократия түрлі тараптар­дың пікірлерін есепке алу құралы ретінде халықаралық қарым-қа­ты­настар саласына тараған жағдайда ғана шынайы көпполярлылықтың мүмкін болатынына сенімдімін. Тек осындай жағдайда ғана шағын және орташа мемлекеттер ядролық қарудан қауіпсіздіктің басты кепілін көруді қойып, семсерлерді соқаға айналдырып, қайта соғатын болады.

Үшінші. Ядролық қарусыз әлем идеалдарына қарай шынайы қадам жасау бірінші кезекте ресми ядролық державаларға байланыс­ты. “Қосарлы стандарттар” қол­да­нуға жол бермей, қаруды таратпау мен қарусыздану мәселелерінде солардың өздері басқа мемле­кеттер үшін үлгі болуға тиіс.

Төртінші. Ядролық техноло­гия­лары бар-жоғына қарамастан, бүкіл елдер мен халықтардың күш-жігерлерін біріктіргенде ғана ядро­лық қарусыз әлем шындыққа ай­нала алады. Бәлкім, болашақта бар­лық мемлекеттердің әр қадам сайын ядролық қарусыз әлем идеалына қарай аяқ басуға деген шешімін бейнелейтін Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ деклара­циясын қабылдау туралы мәселені бүгіннен бастап тал­қы­лаудың да өзіндік мәні болуы мүмкін.

Бесінші. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан қаруды та­рат­пау, қарусыздану және атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пай­далану мәселе­лерінде халық­ара­лық қоғам­дас­тыққа сенімді әріптес болған, болып отыр және бола да береді. Біз­дің бұл мәселелердегі саясаты­мыз теңдес­тіріл­ген, дәйекті және жауап­кер­шілікті күйінде қала бермек.

“Адамзат дау-жанжалдары та­рихында ешқашанда осынша көп­шілік осынша азшылыққа міндетті болған емес”, деген екен 70 жыл бұрын Уинстон Черчилль. Бақыт­қа қарай, әлем бүгінде яд­ро­лық дау-жанжалдардың аренасы болып та­былмайды. Бірақ ол елеу­лі қарама-қайшылықтар арена­сы­на айналып отыр. Және осы қарама-қайшылық­тардың шешімі шешімдер қабыл­дай­­тын аз ғана адамдардың, әрқай­сысы бөлшек­те­лін­ген атомның біздің бәрімізді де бөлшектеп жі­бермеуі үшін бел­гі­лі бір жауап­кершіліктер ар­қа­лаған мемлекеттер басшыларының қолында тұр.