Атақтары мен марапаттары

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы

Жүз отыздан астам этнос өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін маңызды міндет этносаралық және конфессияаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту болып табылады. Мемлекет басшысы төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) ­­– біздің елімізде бейбітшілік пен келісімді қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Тәуелсіздік таңында құрылған Ассамблея өзінің маңыздылығы мен тарихи қажеттілігін көрсету ісінде Қазақстанның жаңа бірегей қоғамдық және мемлекеттік институтына айналып отыр.

Ел Президенті жүргізіп отырған саясаттың арқасында барша азаматтардың толеранттылығы мен құқығының теңдігі және бостандығы, Қазақстан халқының бірлігі нығая түсуде. Бүгінде біздің республикамыз түрлі этностар мен конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруінің үлгісін көрсетіп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениетін, тілін және дәстүрін дамытуға ұдайы зор көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының мұндай саясаты қазақстандық қоғамның тұрақтылығының іргетасы болып табылады.

ҚХА-ның беделі мен маңызы арта түсуіне бір дәлел ­­– Мәжілістің 9 депутаты енді ұйымнан сайланатындығы. Ассамблея –  Қазақстанның бірегей қоғамдық-саяси жаңашылдығының нәтижесі және қоғамды біріктірудің пәрменді құралы.