Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
23.03Бұл күні:
2005

Халықаралық беделі

ЕҚЫҰ, ШЫҰ және ИЫҰ төрағалығы

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстарының нақты да шынайы дәлелі – еліміздің бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі. Қазақстан 2010 жылы бұрынғы КСРО елдері ішінен бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Бұл Қазақстанның халықаралық сахнадағы рөлі барған сайын күшейіп келе жатқанын білдіреді. Өз өкілеттігі кезеңінде республикамыз Ұйымның қызметінің барлық үш бағыты бойынша да үлкен бағдарламаны жүзеге асырды. Сол арқылы еліміз Орталық Азия өңірінде көшбасшы және еуропалық елдердің сенімді серіктесі екенін тағы да дәлелдеп берді. Төрағалықтың түйінді қорытындысы 11 жылдық үзілістен соң өткен ЕҚЫҰ-ның тарихи Астана Саммиті болды.   

Сонымен қатар, Қазақстан 2011 жылғы маусымнан 2011 жылғы маусымға дейінгі кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының да төрағасы болды. Еліміз үшін бұл мәртебелі орындағы маңызды басымдық өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту болды. Астанада өткен ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті ұйымның дамуына тың серпін беріп, оның тарихындағы маңызды белеске айналды.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы қызметіндегі тағы бір маңызды оқиға бұрын Ислам конференциясы ұйымы ретінде белгілі болған Ислам ынтымақтастығы ұйымындағы төрағалық болып табылады. Астанада 2011 жылғы маусымда ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өтіп, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Оған қоса, ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Қазақстан әлемдік қоғамдастық артқан сенімнің үдесінен шыға білді.  Халықаралық сарапшылар, әлемнің жетекші мемлекеттерінің көшбасшылары Қазақстанның үш ұйымның бәріндегі төрағалығы да табысты болғанын атап айтуда. Өткізілген саммиттердің арқасында жаңа ұғым – жаңғыру мен тұрақтылыққа ұмтылыс, толеранттылық пен бейбітшілік нышанына меңзейтін «Астана рухы» деген ұғым пайда болды.