Дәйексөздері

Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды.

Жер абаттанса, ел ауқаттанады.

Ауылдың амандығы — елдің амандығы.

Ауыл — қазақтың алтын бесігі.

Төрткүл дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, айнымас әріптес, сапарлас серіктес, қақысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып келеді.

Бүгін біздің төңірегімізде бейбітшілік белдеуі қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Бірде-бір мемлекеттің бізге талабы жоқ әрі жау көзқараста емес.

Қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады.

Астананы тек мемлекет басшылары ғана құрмайды, астана да ел басшылығын қалыптастырады.

Астанасына қарап елін таниды.

Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбарак мекен — Алматы! Биікке самғап, қиырды шарлау, заманнан қалмай зымырай заулау — мына біздерге өзің берген тәрбие, өзің көрсеткен өнеге, өзің тапсырған тарихи аманат!

Алматы — біздің тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, мемлекеттігіміздің алтын діңгегі.

Астана келбеті — ұлт келбеті.

Жаңа астананың қаласы да, адам­дардың санасы да жаңа болсын.

Астана — Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі.

Астананың абыройы — қазақ руха­нияты­­ның абыройы.

Жаңа Астана — ежелгі қазақ жерінің төрі

Жаңа Астана — тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны.

Тарихымыздың жалғасы, өміршең істеріміздің арнасы бұдан былай да жаңа Астанада жалғасын таба беруі тиіс.

Астана — мемлекет дидары, халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа Астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды арттыра түсері сөзсіз. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып көркейіп өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз. Біздің жаңа Астананы, жаңа Астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенімдіміз.

Қазақ халқы — тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзегін ғасырлар тереңіне тартып, осынау қасиетті ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық.

Ұлттық тұтастығымыздың мәселесі ең өткір қойылған арғы Тоқтамыс пен Едіге, бергі Тәуке мен Абылай замандарында билік ордасының бұл маңайға қайта-қайта көшіп келіп, көшіп кетуінде де көп сыр бар. Үстіміздегі ғасыр басында алғашқы қазақ либералдары — Алаш партиясы көсемдері де саяси орталықты әуелден зор стратегиялық маңызға ие осы аймаққа көшіріп әкелуге күш салды.

Енді, міне, екі ғасыр тоғысында, жаңа мыңжылдық табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, жоғалған елдік қайта оралып, құлаған орда қайта бой көтергеніне де куә болып отырмыз. Бұл да ұзағынан болғай, қайырымен келгей, қадірлі халқым!

Басқа ұлттармен және ұлыстармен бей­біт тату көршілік қарым-қатынаста болу — қазақтардың ежелгі дәстүрі.

Біздің халыққа қоғамдық және әлеуметтік жатырқаушылық жат, өз көршілерінің тұрмыс-салтына, әдет-        ғұрпы мен мәдениетіне игі ниетпен, құрметпен қарау тән.

Ашық-жарқындық, мейірбандық, қай ұлттың өкілі екен демей, кем-кетікке немесе жарлы-жақыбайға жәрдемдесуге әзір тұру — халқымыздың тумысына біткен қасиеті.

Қазақтың қасиетті жерінің асты да — байлық, үсті де — байлық.

Жерден өтер байлық жоқ: жер бол­са — ел болады, ел болса — ер болады.

Қазақ даласы — Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.

Көптеген елдерді араладым. Табиғаты ғажайып талай өлкенің сұлулығына көз құмарымды суардым. Бірақ бәрі де өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен...