Дәйексөздері

Мейлі, сен патша не қойшы бол, бәрібір... Атамекеніңнен табаның тайса — жетім­сің...


Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз.


Отаны бірдің — тілегі бір, жүрегі бір.


Бүгінгі қазақ қауымына аса қажет нәр­се — өзіміздің намысшылдық дәстүр­лері­­мізді дамыту.


Мен ешқашан мүмкін болмайтын мәселеге уәде берген емеспін, ал уәде берсем — қашанда орындаймын.


Жанға түскен жарақатты, жараланған жүрек пен зердені жазу қандайлық қиын десеңізші.


Отанға сүйіспеншілік жайында қызыл сөзді тоқтаусыз ұзақ айтуға болады, алайда онымен Отаныңның гүлденуіне ешқандай көмек көрсете алмайсың.


Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады.


Бүгінгі таңда ел қамынан басқа қандай мүдде болуы мүмкін? Сондықтан елдің ақыны да, әкімі де бір мақсатты көздеуі керек.


Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайды.


Біз — алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз.


Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады.


Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет.


Ел көшін бастау — маған сын, мені қоштау — елге сын.


Отбасы — Отанның ошағы.


Дауы таусылмайтын елдің жауы да таусылмайды.


Қашанда, қай істе болсын, ханы мен халқы бір болып, тұтастық құрғанда — мемлекет нығайып, ел ырысы тасады; ал халқы қолдамай, ханы халқын қорғамай, өзімшілдік өктемдік алып, өзара талас-тартысқа түскенде — мемлекет әлсіреп, ел ырысы қашады.


Көп ұлтты ел болуымыз — біздің байлығымыз, мақтанышымыз.


Бізді біріктіретін жеке бастың қамы емес, бізді ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады.


Ел болу үшін — ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек.


Әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерін, басқа халықтардың рухани қазыналарын бойымызға сіңіру қанша маңызды болса да, біздің әрқайсымыз өзіміздің терең тамырымыз — туған жеріміз туралы есте ұстап, қай елдің азаматтары екенімізге есеп беруіміз қажет.


Біз — бабалары басының қадірін арттыруды басты мұрат санаған елдің баласымыз.


Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды.


Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, бола­шағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды.


Өзін-өзі қорғай алған елдер ғана өсіп-өркендеген.


Елдің бетінде, желдің өтінде жүрген адамға сынақ көп.


Қазақ елінің озып, үдеген кезі де, тозып, жүдеген кезі де аз емес.


Мен білгенде, мына дүниенің дидарында «Жаным — арымның садағасы» деген сөзден артық ұлы сөз жоқ. Соны айтқан — қазақ.


Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.


Әрбір адам бала кезінен «Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болғаны жөн.


Тарихтың бетбұрысты кезеңдерінде мемлекеттің кез келген басшысы білік­сіздікке, әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұруы, бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді қабылдауы тиіс.


Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келеді.


Қамшының сабындай қысқа ғұмырда халқыңның көшінің басында жүруден, ұлы істеріне тікелей ат салысудан артық қандай мәртебе керек?!


Ары үшін жанын садаға ететін қазақтай қасиетті халықтың, осы елдегі сан түрлі ұлттың баласының басын қосып, басшылығында жүру тұрмақ, қосын тігіп, қосшылығында жүрудің өзі жаныңды тербейтін бақыт емес пе?!


Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол — тәуелсіз Қазақстан.


Отанды сүю — өркениеттіліктің бірінші белгісі.


Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан-теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екендігімізді мақтан етейік!


Отаншылдық рухы бізге ауадай қажет.


Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ.


Елі мұратқа жетпей тұрып, ері мұратқа жетуші ме еді? Сондықтан елдіктің қамын ең алдымен ойламай болмайды.


Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халықтың руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн.


Тамағыңды тауып жерлік кәсіп, одан да тәуір қызмет жолығар. Бірақ ол қара орманың — өскен еліңнің ортасында жүріп ішкен бір жұтым қара суға қайдан татысын?!


Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!


Жырақтағы жұртың жаутаңдап қарап отырса, кісінің жаны қайтіп жай табады?!


Қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау — менің Президенттік те, перзенттік те парызым.


...Отандастарымнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін.