Дәйексөздері

Тәуелсіздік — тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыра­жай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал.


Тәуекелі тұратындардың ғана қолы жетпесе, Тәуелсіздік бола ма? Азаппен, арпалыспен келмесе, Азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе, оның қадірі бола ма? Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?


Алда тұрған сын белестерден білекке — білек, жүрекке — жүрек, тілекке — тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз.


Тәуелсіздіктің қайта оралғаны — біз­дің ата-бабаларымыздың санғасыр­лық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабалары­мыздың осыншама байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы.


Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар.

Әлемде егемен Қазақстан бар.

Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар.

Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар.

Ең бастысы — бүгіннен нұрлы, бүгін­нен кемел болашағы бар.

Сол күнге берік сенім бар!


Енді біздің ел атқа қонады: дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына да тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын болады.


Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік.

Бар байлығымызды өзімізге бұйыра­тын еттік.

Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік.

Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік.


Біле білсек, осы он жылдағы еңбегіміз­дің ең басты қорытындысы — ел болға­ны­мыз. Ел бола алғанымыз. Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да, аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық.


Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жол­мен келді. Бұл — азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл — бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы.


Тәуелсіздік Туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.


Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соғар желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне көну керек, бәріне төзу керек.


Теңге — ел тұрақтылығы мен тәуелсіз­дігінің белгісі.


Қаз тұрып, қадам басқан Тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, Қазақстанымыз айшылық жерді алты-ақ аттаған алып секілді, дәуір жалынан мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді.


Аталарымыздың тар кезеңде табысып, бірлік-берекесін көрсеткен жақсылығымен қатар кеңшілікке шыққанда кесірлік танытып, ала болып ауыздағыларынан айырылып, өзара қырқысып кететін жаманшылығының қабат жүретіндігі де өзекті өртейді.


Қазақстанның аспан түстес туының бетінде алтынға айналған бүркіт қанат керген. Осынау тәуекелі келіскен мазмұнды да мағыналы нысанның бойында табиғат та, тіршілік те, тарих та тоғысып жатыр.


Еңсесі түскен елдің есін жиғызған, жапа шегіп зар жылаған халықтың көзінің жасын тыйғызған кімдер еді?

Азаматынан айырылған арғымаққа қайтадан ер салдырған, тұтастық туын қолға қайтадан алдырған кімдер еді?

Қасиетті бабаларымыз — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би еді.


Біз ендігі жерде Ресеймен қарым-қатынасты Біріккен Ұлттар Ұйымының тең қатарлы мүшелері ретінде сенімді әріптестік жағдайында жалғастыратын боламыз.


Бәрін де тарихтың сый-сыбағасы деуге болар, алайда жан-жүрегіңнің аңсары болған азаттықты ешкім де сыйға тарта алмайды.

Азаттық дегеніміз — бұл әлемдік тарих толқынында өзінің субъектілік құқығын сезінетін және оған жауап бере алатын халық болмысының жалғыз ғана үлгісі.


Біз тәуелсіздік алғаннан бері бірыңғай ізденіс үстінде келе жатқан елміз. Iзденіс үстінде дөп басу да, мүлт кету де бола береді. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспеуі мүмкін.


Қандастарымызға қаратып айтар жайдың тағы бірі — тарихи Отанына оралған ағайын, ең алдымен, «Қазақ­станым маған не береді?» деп емес, «Мен Қазақстаныма не беремін?» деп ой­ланғаны да дұрыс болар еді.


Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі — қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр.


Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат: «Енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз?!» деп ой-санасын қамшы­лауы керек.


Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып келіп қонған бақыт құсынан — Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.


Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз.


Мәселе — қай топтың жеңетіндігінде немесе билік басына кімнің келетіндігінде емес, мәселе — тәуелсіздіктің тағ­дырында.


Азаттық жолы ұзақ та тауқыметті. Оны баянды ете білу де оңай шаруа емес.


Өтпелі кезеңнің өкпек желі соғар да өтер.


Толыққанды тілсіз толыққанды ұлт болуы мүмкін емес.