Дәйексөздері

Тарих — кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым.


Тарих — өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі.


Тарих жолы қашанда тайғақ.


Бүгінгі қазақ халқы — сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық. Бұл — ескіден қалған көне жәдігерлер, сақ заманының куәгері «Алтын киімді адамның» алтын тостағанындағы және Түрік қағанатының тарихын танытқан Орхон—Енисей мен Талас жазбалары дәлелдеген шындық.


Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстан да шет қалған жоқ. Оның ежелгі жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, олар да адамдар сияқты басынан балалық, жастық, кәмелеттік дәуірлерді өткізіп, құлдырау және күлден қайта бой көтеру дәуірлерін бастан кешірді.


Қазақ ұлтының бүгінге дейінгі қат-қабат тарихының мазмұны — азаттық үшін күреске сайып келеді. Елдік пен бостан­дық жолындағы күресіміздің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі Желтоқсанға дейінгі санғасырлық шежіресі бар.


Екі құрлық тоғысындағы бұл кеңістік тек жаѕанды жаулап алар жойқын жорықтардың ғана емес, дін мен дінді, мәдениет пен мәдениетті, ұлт пен ұлтты ұластырар тарихи тамырластықтың да ұлы арнасы бола білді. Атақты «Жібек жолынан» көп бұрын біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда Ежелгі Элладаны Қиыр Шығыс халықтарымен жалғастырған даңқты «Дала жолы» тап осы өлкенің үстімен өтті.


Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жады­мызда сақтағанымыз жөн.


Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақшы.


Жұртымыз халықтығына қатер, мемлекеттігіне қауіп төніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналғалы тұрған сын сағатта ағайын арасындағы бұрынғы өкпе-назды сыртқа ысырып тастап, намыс туын көтеріп, ардақ тұтқан азаматының төңірегіне топтаса білген. Арғы-бергі тарихымызда оған мысал көп.


Қазақстан жерінде байырғы да төл­тума өркениеттің өсіп-өркендегенін біз әрі мақтаныш, әрі таңданыс сезімде танып-біле бастадық. Қазақтың ұлан-байтақ қуаң даласы бір кездері Еуразияның ұлы кеңістігіне тіршілік ырғағын дарытқан. Көкжиекпен астасып, үнсіз мүлгіген бейіт-қорымдар әлемдік ауқымдағы оқиға­лардың куәсі. Осы даладан бірде бейбіт, енді бірде жорық сапарымен қиянға аттанған бабаларымыз өзімен бірге талай елге жеткізген білім-біліктің кейін талай-талай айтулы жаңалықтарға тұғыр бол­ғаны да белгілі.


Біздің ата-бабаларымыз Қиыр Шығыс­­тан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді.


Орасан зор кең-байтақ аумақты қоныс­танған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті.


Желді тоқсанның ызғарлы табиғатын жұмсартып, жанымызды жарқын шуаққа бөлеп, көк аспан көңілімізді шайдай ашқан мемлекеттік мерекеміз біздің тарихи көшімізді ғасырдан ғасырға жалғай береді.


Нақ осыны маңдайымызға жазған Тарих біздің ұрпаққа тәуелсіздік бастауында тұру құрметін беріп, туған Қазақстан үшін жауапкершілікке бөледі.


Тың игеру — бұл жиырмасыншы ғасырдың аса зор әлеуметтік-экономика­лық жобасы, оған ұқсас жоба әлем тарихында болған емес.


Өзінің ядролық арсеналынан бас тартып және әлемдегі аса ірі ядролық полигонын мәңгілікке жауып, дүние жүзіне үлгі көрсеткен де Қазақстан болды.


Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі — Абылай хан.


Біз аға ұрпақтың абыройлы істерін одан әрі жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жаңылмай жүретін жол саламыз. Бұл жол — тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлдену, өркендеу және даму жолы болады.


Біз тойларды тарихтан тағылым алу, ұлылықтан ұлағат алу үшін өткізуіміз керек.


Өткеннің өкінішін айтқанда, елдің еңсесін езе түсетіндей етіп емес, тарихтан тағылым алып, кемшіліктерден безе түсетіндей етіп айту керек.


Өткенге қарап, ертеңіңді түзе.


Тарих бізбен тоқтап қалмайды.


Қазақтың тек өз төл тарихы, әдебиеті мен мәдениеті әлі талай ұрпақ үшін таусылмайтын қазына. Ұрпаққа өнеге болар өзіміздің хан-сұлтан, батыр-бағлан, би-шешен, ақын-жазушыларымыз қаншама. Ендеше, біз неге әйтеуір киіз туырлықта дүниеге келді екен деп, есте жоқ ескі дәуірдің ерлерінің жыртысын жыртамыз. Қайта, керісінше, бүгінгі ұрпаққа өз ата-бабамыздың өнегелі тарихын ұсынбаймыз ба?! Ұлттық тәрбиенің өзі осындайдан басталмаушы ма еді?!


Өмір де аққан дария сияқты, бір орнында тұрмақ емес.


Қасиетті қазақ жері — ата-баба­ларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.


Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу — алдымен өзің тұрған өлке­нің тарихын, табиғатын танудан, адам­дарын ардақтаудан басталады.

Өткеннің өнегесі — бүгінгінің баға жетпес байлығы.


Тарихты елдің азаматтары жасайды.


Қазақ ұлты, басқа қай ұлтпен салыс­тырғанда да, мемлекеттікке лайық екендігіне сенімдімін. Мұны ол өзінің бүкіл тарихымен дәлелдеп отыр.


Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ.


Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақтың, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағылымы, міне, осында.


Қазақтың кең-байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен.


Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру —үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді.


Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру — адам­гершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғы­шарт­тарының бірі.


Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар, шынында да, тарихтан тағылым ала алмайды.


Өткен заманды аңсау емес, тауқыметі мол болса да, өзіңе етене жақын өз тарихыңды қастерлеу қажет.


«Көшпелілер мал жайып өткен жерінің бәрін өздерінікі санай берген» дейтін сандырақты ғылыми тұрғыда әшкерелеу шарт.


Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді.


Адамзат өркениеті — халықтар мен мемлекеттердің тарихи аренаға келуінің, гүлденуінің және одан кетуінің үздіксіз құбылысы.


Атадан қалғанның бәрі бірдей алтын емес.


Қазақтың бүкіл тарихы — бірігу тарихы, тұтастану тарихы.


Қазақ — тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық.