Дәйексөздері

Демократия — әлемнің өркениетті елдерінің таңдауы, яғни біздің де таң­дауымыз.


Құқық жоқ жерде — бостандық та, демократия да жоқ.


Демократия жарлықпен орнатыл­майды.


Біз енді демократия мектебінен өтіп жүрген ғана ел емеспіз, біз енді тота­ли­тарлық қоғамнан кеше ғана шыққан мемлекетте демократияның қалай қалыптасатындығын өзгелерге көрсетіп те берген елміз.


Демократия мен әсіре демократия — екі басқа ұғымдар.


Мен тирания мен авторитаризмді жан-тәніммен жек көремін. Бірақ демо­кратия­ны да асыра бағалағым келмейді. «Неғұрлым көптің сөзі — соғұрлым әділ шешім» деуге бейім тұратын сыңар­езуліктен сескенемін.


Біздің демократиямыздың негізі — саяси, әлеуметтік және ұлтаралық келісім.


Біз қарапайым, алайда сөзсіз бір ақиқатты түсінуге тиіспіз — бүгінгі дүниеде біздің бәріміз өзара тәуелдіміз. Және бұл өзара тәуелділік кез келген жайт пен тербелісті сезінетін шетін де сезімтал тетік болып табылады.


Әркім өз сөзіне және іс-әрекетіне жауап беруі тиіс. Олай болмағанда, демократия­ның өзегі — бостандық бейберекет­сіздікке айналмақ.


... Жеңіліс тапқан адам ешқашан өзін жазғырмайды, әрдайым өзгені кінәлауға ұмтылады. Ал жеңіс үшін қисыны қашқан деп тағдырға налу да, көңіл ауанына салыну да емес, нақты іс пен әрекет қана керек.


Егер қоғам ашық болмаса, онда оны жеке адамның немесе партияның дикта­турасы алмастырады.


Қазақстан үнемі демократия жолымен жүретін болады. Бұл — менің нық сенімім және ұстанымым, менің саналы таңдауым.


Отан, Тәуелсіздік, тұрақты даму! Біздің ортақ ұранымыз осындай. Нақ осылар барша қазақстандықтардың тыныш та өркенді өмірін қамтамасыз етеді. Егер біз осы мәселеде біртұтас болсақ, онда қал­ғаны­ның бәрі туралы келісе аламыз.


Мен дұрыс жолмен келе жатқаны­мызды, одан ауытқымайтынымызды сезінемін.


Біз конфессияаралық келісім орнатуы­мыз арқылы діни наным-сенім бостан­дығын қамтамасыз еттік.


Біз түбегейлі экономиканы табысты жүргізу арқылы мұқтаждықтан бостан­дықты орнықтырдық.

Біз еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақ­тылығын қамтамасыз ету арқылы адам­дарды үрейден арылттық.

Біз баспасөз еркіндігін қалыптастыру арқылы сөз бостандығын баянды еттік.

Біз ашық та еркін қоғам құрдық.

Осының бәрі қазақстандық демо­кратия­ның басты жетістігі деп білемін.


Мемлекеттің міндеті — адамдардың еңбек етіп, өмір сүруінің тиісті заңдық тетіктерін жасау, конституциялық құқық­тарына кепілдік беру.


Біз сөз бостандығын қолдаймыз, бірақ біз ғайбат сөйлеу мен жалған ақпаратқа қарсымыз.


Кез келген, тіпті ең төзімді де кемел көп этносты елде ұлтаралық келісім өздігінен, мемлекеттің белсенді ұлттық саясатынсыз, қоғамдағы ұлттық элитаның белсенді рөлінсіз сақтала алады деп ойлау аңғалдық болар еді.


Демократия, еркін қоғам — бұлар жолдың соңы емес, ал біз оның дәл бастауында тұрмыз.


Мен баршаға мынаны нақты айтқым келеді: біздің жағдайда биліктің әлсіздігі басқарудан айырылуды және біз қол жеткізгеннің бәрінен кері кетуді білдірген болар еді.


Билік дегеніміз — бұл, ең алдымен, жауапкершілік.


Бостандық пен либерализм заң алдындағы жауапкершілікпен тең тұрады. Адамдар емес, заңдар үстем болуы керек.


Либерализм жекелеген адамдардың «қыңырлығы мен тентектігі» алдында биліктің әлсіздігі ретінде қабылданбауы тиіс.


Жалаң тойшылдықтан, желұшты сөзден ештеңе шықпайды.


Мемлекеттің мемлекеттігі оның өз тағдырына қатысты ең маңызды мәселелерді өз бетінше шеше алуынан танылуға тиіс.


Қазіргі ру-тайпалық идеология — бұл ішкі ұлттық ыдырау мен бағдардан айырылудың өте қауіпті түрі.


Аз қазақтың азаматын ру, жүзге теліп сөйлеудің ендігі жерде ешқандай қисыны келмейді. Мазаққа қалмайық, ұрпақты азапқа салмайық.


Демократия — тежеусіз билеушіліктен де, босбелбеуліктен де толық ада мемлекеттік билікті қажет етеді.


Сан ғасырлар бойы рухани төл­тумалықтың Темірқазығы тек зиялылар ғана емес, қара халықтың өзі болып отырған мұндай құбылыс әлемдік тарихта мейлінше сирек кездеседі. Бұл шын мәнісінде қазақ дүниетанымының төл қасиетін орнықтыруда түбірлі ықпал еткен, мазмұны мен болмысы демо­кратия­шыл құбылыс болатын.


Менің жеті атама дейінгі жадымда сақталған бабаларымның ерліктері мен жеңілістері, бейнеттері мен жеңістері маған ұдайы дем беріп, өз жолымда кездескен кез келген қиындықты жеңетіндей сенімге жетелеп отырады. Міне, дәл осындай идеология әрбір қазақтың жүрегіне жылу берген.


Демократия — оппозиция қызметіне жол ашу ғана емес, мемлекеттіліктің бір нысаны, қоғамдық-саяси өмір ахуалының бір деңгейі.


Демократияның әдемі тонын жамылып, айнала бере өзгенің қолымен от көсеп, өтірік өзеуреп, жүгенсіздікке жол беру, қоғамды бейберекеттік пен қылмыстың көк тұманына батыру — өзің отырған бұтақты балталаумен бірдей.


... мен тәртіп диктатурасы, дәлірек айтқанда, ұлы мәртебелі Заңның диктатурасы салтанат құрғанын қалай­мын!


Әлем алуан қырлы, оның тартым­дылығы да осында: ішкі мәні бірдей бола тұрғанымен, демократияның бірдей нысандары жоқ, әр ел міндетті түрде өзіне тән бір ерекшелік қосады.


Бәрі де кезең-кезеңімен, жөнімен, жолымен, қоғамдық дамудың деңгейін жан-жақты ескере отырып жүргізілуі керек. Ең бастысы — ел өмірін демо­кратияландыру эволюциялық жол­мен жүзеге асырылуы шарт.


Конституция — кемел келешектің кепілі.


Сайлаудың билікке лайықты адам­дардың келуіне көмектесетіні рас, бірақ оның қоғамдық, биліктен әлдеқайда аулақ жүргені жөн кездейсоқ адамдардан қорғауға ешқандай кепілдік бере алмай­тыны да ақиқат.


Парламент — саяси мәміле мектебі.


Анық көзім жеткені: билік басын­дағылардың популизмі де билік басын­дағыларға қарсылардың попу­лизмі­нен кем қауіпті емес.


Егер қоғам билікті тек оның сыртқы әлем-жәлемі үшін ұнататындарға сеніп қалса, оңбай қателеседі.


Адам еркін болмайынша — қоғам еркін болмайды. Қоғам еркін болмайын­ша — ой еркін болмайды. Ойың еркін болмайынша — ісің алға баспайды.


Адамзат өркениеті экономикада — шаруашылық жүргізудің нарықтық тәсілінен, саясатта — демократиядан, идеологияда — пікір алуандылығынан тиімді еш нәрсе таба алған жоқ.


Тек еркін де демократиялық қоғам ғана біздің таяу болашақтағы тұрақ­тылығымыз бен бақытты өміріміздің кепілі бола алады.


Тарих тәжірибесіне көз жүгіртсек, қандай болмасын демократияңыз елдік мінезге, халықтық қалыпқа, мемлекеттік тәртіпке бой ұсынып отырған. Осы үш нәрсе бойынан табылмаған жерде, демократияның күлі көкке ұшып, демагогияның құбыжығына айналуы күмәнсіз.


Оппозиция — демократияның бір белгісі.


Мен былай дер едім: егер саяси оппозиция болмаса, онда оны болдыруға тырысу керек.


... мен сындарлы пікір айтатын дұрыс тұрпаттағы оппозицияшыларды құттық­тауға, қолдауға әрқашан әзірмін.


«Егерде өзім бүгін заңға қайшы келсем, заңға қарсы шықсам, онда ертең құқығым табанға басылған кезде менің сол құқығымды кім жақтайды, кім қолдайды?» деп ойлау керек.