Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
23.10Бұл күні:
2005

Билік рәміздері

Президенттік биліктің рәміздері мен белгілері

Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасы ретінде дербес рәміздер мен айырым белгілерін иеленеді.

Соның бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің төсбелгісі. Ол шапақтары сегіз қырлы нысанды құрайтын көп сәулелі жұлдыздан тұрады. Жұлдыздың ортасында алтын әріптермен «ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ» деп айналдыра жазылған медальон бар. Белгі Қазақстанның елтаңбасы түріндегі ілгіш арқылы әрқайсысы қосарлы кішкене шынжыр арқылы біріктірілген жиырма бунақтан тұратын алқаға жалғасады. Жалғасқан бунақтар – көгілдір түсті эмальмен көмкерілген, жиегі ақ түсті, ортасында алтын шаңырақ бейнеленген үш бұрышты элементтер. Қазақстан Республикасының Президенті төсбелгіні ұлықтау рәсімінде, мемлекеттік мерекелерде, әскери парад өткізу және шет мемлекеткердің ресми тұлғаларын қабылдау кезінде тағады.

Президент билігінің тағы бір рәмізі – оның дербес жалауы, Президент байрағы. Ол Мемлекет басшысының резиденциясына, сондай-ақ Қазақстан Президентінің көліктеріне орнатылады.  

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз лауазымына сәйкес «Алтын Қыран» орденінің иесі болып табылады. Бұл орденмен Президенттен басқа Қазақстан Республикасы алдында мемлекеттік деңгейде айрықша еңбек сіңірген азаматтар марапатталады.