Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
23.10Бұл күні:
2005

Өмірбаяны және отбасы

Балалық шағы

1940 жылы 6 шілдеде Іле Алатауының баурайындағы Үшқоңыр жайлауында Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді. Оған әке-шешесі Нұрсұлтан деп ат қойды.

Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: «Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын».

Әлемдегі барлық әжелер секілді Мырзабала да немересінің азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Нұрсұлтанның анасы Әлжан Мырзабаланың балалары мен келіндеріне ақыл-кеңес беріп, халықтың байырғы дәстүрлері мен жоралғылары туралы әңгімелейтінін, немересі Нұрсұлтанның тәрбиесіне аса белсеніп кіріскенін еске алады.

Мырзабаланың ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі – Әбіш 1903 жылы Алатаудың бөктерінде, Назарбай бидің шаңырағында өмірге келді.

Әбіш Назарбаев көңілді, қадірлі адам болды. Ол тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және балқар тілдерінде де еркін сөйлейтін. Әбіш қазақ және орыс әндерін беріліп айтатын, әңгімелескен адамын зейін қойып тыңдап, пайдалы кеңес бере білетін.  Әбіш Назарбаев 1971 жылы қайтыс болды.

Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық аулындағы молданың отбасында дүниеге келді.

Үшқоңырға жер аударылған әкесімен бірге келген Әлжан Әбішпен танысады. Ауыл арасында ән салу мен суырыпсалмалық өнерден оның алдына түсетін ешкім жоқ еді. Жарқын жүзді Әлжан ұлын үлкенді құрметтеуге, сыйлауға баулыды, оның ұлттық дәстүрлерге, ән-жырларға, салт-ғұрыптарға құштарлығын оятты. Әлжан Назарбаева 1977 жылы қайтыс болды.

Отбасында Сұлтан деп аталған ұланның балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді.

Бұл соғыстағы жеңіске миллиондаған адамды құрбан еткен алып мемлекеттің айрықша күш жұмылдырғанының арқасында қол жетті. Жарымжан күйге түскен ел үйінді арасынан шығып, енді ғана еңсесін көтерді. Жеңістен кейін бірнеше жыл өткен соң КСРО «қырғи-қабақ соғыс» деп аталған, барлық ауыртпалығы қарапайым халықтың иығына түскен  жаңа мазасыз додаға қосылды.  

Бұл ел әлі аш-жалаңаштықтан арыла қоймаған ауыр кезең еді. Бірақ бала Нұрсұлтанның жас зердесінде сол кезеңнің қыспаққа салған қиыншылықтары ғана емес, анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірлі жүзі де сақталып қалды. Тату отбасы, бауырлар, әке-шешесі айтқан әндер... Алатаудың әсем ақбас шыңдары, баланы еліктіретін ойындар... Оның қатарластарының бәрінің балалық шағы осылай өтті.

Нұрсұлтан өз әкесінің ешқашан қол қусырып қарап отырмағанын көріп, оған үнемі көмектесуге ұмтылды. Үйде де, бақшада да, алма бағында да әкесінің жанында болып, картоп пен алма өсіруге жәрдемдесті. Нұрсұлтан мал жайғарумен айналысты, әкесімен бірге тауға барып, шөп шапты.  

Бірде Әбіш үйге арнайы жер аударылған балқарлар отбасын ертіп келді. Назарбаевтар отбасы оларды шаңырағына паналатты, жұмысқа тұруына көмектесті. Ал Әбіш Назарбаев балқарлармен тез тіл табысып, олардың тілін үйреніп алды.

Көп ұлт мекендеген Шамалған тұрғындарының бәрі де сөйтті. Ешкім ұлтқа бөлінген жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев кейінірек кітаптарының бірінде сен қазақсың ба, украинсың ба, чешен әлде неміссің бе, балалардың арасында оны ешкім де есіне алмайтыны туралы жазды: «Егер қазақ үйіне месхеттік түріктің баспанасы жапсарлас салынып, ал келесі үйлерде Богдан, Рихард, Олег тұрып жатса, қайтіп бөлінеді...». Ұлдар жағы тек тұрған көшелеріне қалай топтасатын. Көше-көшеге бөлініп, төбелескен кездері де болды. Бірақ достық пен өзара көмек өмір салтына айналған еді.  

Бастан кешкен барлық қиындықтарға қарамастан, ұлдар мен қыздарды білімнің сиқырлы әлемі, мәнді де мағыналы, шаттыққа толы жарқын болашақ тартты да тұрды.