Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
01.05Бұл күні:
2015

Әндер

Бұл бөлімге Мемлекет басшысының авторлық әндері, сонымен қатар ол сүйіп тыңдайтын халық әндері мен өзге де авторлардың туындылары енгізілді. 

Авторлық әндер

Шұбарат

Алатау – туған жерім, елім менің,
Сағындым арасынан ескен желін.
Арқада ардақталып жүрсем-дағы,
Ер жігіт ұмытар ма өскен жерін.

Шұбарат Алатаудың етегінде,
Шамалған тұрады екен жетегінде.
Арқадан асыл жарды тапсам-дағы
Туған жер, сенен алыс кетермін бе!

Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер,
Басында панасы жоқ пақыр да өтер.
Бұл өмір қарап тұрсаң тұрағы жоқ,
Жел соқса бір-ақ күнде ұшып кетер.

Жерім менің

Байлығы қазағымның кең даласы,
Ырыстың ұясындай сай-саласы.
Туған жер, қасиетіңнен айналайын,
Таусылмас ұрпағымның қазынасы, 
О - оу жерім менің!

Қайырмасы: 

Бабамнан қалған кең далам,
Анам сенсін, мен – балаң.
Арым сенсің аялар, 
Беу, кең далам, аманатым қорғаған. 

Жетісу - жер жаннаты, ғажабың-ай,
Думанның Сарыарқам бар базарындай.
Арасы өр Алтай мен Атыраудың,
Жаратқан бұйыртыпты қазағыма, 
О - оу жерім менің!

Орал мен қара Ертістің арасында,
Алатау, Көкшетаудың саясында.
Қазақтың көңіліндей кең даласын,
Қалдырған ата-баба баласына, 
О - оу жерім менің!

Сөзі: Нұрсұлтан Назарбаевтікі
Әні: Бекболат Тілеухандікі

Елбасы сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның патриоттық мазмұндағы екінші әні «Жерім менің» – құрылымы едәуір күрделі туынды. Бұл ән көбіне мерекелік концерттерде, жоғары деңгейдегі ресми салтанаттарда орындалады. Ән мәтінінде қазақтың әйгілі жер-су атаулары мақтанышпен аталып, байтақ отанымызға деген шынайы сүйіспеншілік сезімі айқын аңғарылады. Шығарма кең тынысты лирикалық қарыммен, биік пафоста шырқалады. 

Үшқоңыр

Үшқоңыр Алатаудың қойнауыңда,
Әкемнің ізі қалған жайлауыңда.
Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп,
Арқарың жайылатын аймағыңда.

Қайырмасы: 

Ай, Үшқоңырым, туған жерім,
Рахым нұры тұнған жерім.
Ай, Үшқоңырым, тал бесігім.
Жүрегімде мәңгі есімің.

Бұл жерде тарих сырдың сыбдыры бар,
Бабалар тұлпарының дүбірі бар.
Бұл жерде Жамбыл-«Жәкең» өлең айтқан,
Өнердің, ақындықтың тұғыры бар.

Шындарың Төле бидің қалпағындай,
Жазира жасыл әлем алқабыңды-ай.
Жуасы, қарақаты, бүлдіргені,
Әжемнің шекер қосқан талқанындай.

Көрінер сонадайдан анық маған,
Шыңында қырандары қалықтаған.
Самғаған қыранына құмар қылып,
Өсірген ұландарын алып далам.

Cөзі: Нұрсұлтан Назарбаевтікі
Әні: Алтынбек Қоразбаевтікі

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақтың белгілі композиторы, Халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың бірлескен шығармашылығының жемісі саналатын «Үшқоңыр» әні – Елбасының туып-өскен өлкесіне деген перзенттік махаббатын паш ететін туынды. Ән мәтінінде туған жерге шынайы сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі әсерлі өрнектелген. 

Елім менің

Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартып көлім.
Қол жетті, міне, аңсаған күнге,
Жасай бер, жаса, қазағым менің.
Қазақстаным – жасыл орманым,
Қуанышымды жасыра алмадым.
Аңсаған бабам, аңсаған елім,
Бостандық еді-ау – асыл арманың.

Елім менің аңсаған,
Тас бұғаудан босаған.
Құтты болсын отауың,
Берік болсын босағаң.

Бабамның қаны, анамның жасы,
Сіңген бұл дала, қымбатсың маған.
Береке-бірлік – қамалдың басы,
Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам.
Күйінсін жауың, сүйінсін досың,
Жиылсын қауым, құйылсын көшің.
Ертеңің үшін аянба, ерім,
Ояншы, елім, жиылсын есің.

Ұрпақ үшін, ел үшін,
Атамекен жер үшін
Берекең мен бірлігің,
Таси берсін ырысың.

Сөзі: Нұрсұлтан Назарбаевтікі
Әні: Бекболат. Тілеухандікі

Елбасының сөзіне жазылған әйгілі әнші Бекболат Тілеуханның «Елім менің» атты әні – патриоттық тақырыптағы қазақ әндерінің арасында айрықша орын алатын шоқтығы биік туынды. Әнге тәуелсіздік алған қазақ елінің ұлан-асыр шаттығына үн қосқан шынайы қуаныш сезімі арқау болған. Отаншыл мазмұндағы, асқақ рухты бұл шығарма жұрт жаппай шырқайтын танымал әнге айналды.