Қазақстан Президентінің
қайраткерлік қызметінің жылнамасы
22.01Бұл күні:
2008

Халықаралық беделі

Антиядролық қозғалыс

Тәуелсіздік алумен бірге Қазақстанға аса ірі ядролық арсенал КСРО-дан «мұраға» қалды. Оған қоса, республика аумағында әлемдегі ең ірі полигондардың бірі – Семей ядролық сынақ полигоны орналасқан еді. Егемен Қазақстанның Президенті ретіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы шешімдерінің бірі полигонды жабу болды.

Мемлекет басшысы 1992 жылы еліміздің ядролық қарудан бас тартуына жауап ретінде Қазақстанға әлемдік ядролық державалар тарапынан қауіпсіздік кепілдігін берген Лиссабон хаттамасына қол қойды. Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа батыл, шешімді түрде қосылды. Осылайша, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан республикамыз өзін өзге елдермен кең ауқымдағы ынтымақтастық үшін ашық, бейбітсүйгіш мемлекет ретінде көрсетті. Көбіне осы шешімдердің арқасында  еліміз ауқымды шетелдік инвестициялар тартуға қол жеткізіп, әлемдік державалардың кең қолдауына  ие болды.

Бүгінде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы болып саналады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялау туралы  Қазақстан ұсынған қарарды қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік жөніндегі екі саммитке қатысып, бірқатар жаңа бастамалар көтерді. Қазақстан Президенті Жалпыға ортақ ядролық қарусыз әлем  декларациясын қабылдау қажет деп санайды.  

Өз кезегінде әлемдік көшбасшылар да Қазақстанның ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан айрықша үлесін атап айтып келеді. АҚШ Президенті Барак Обама Қазақстанды бүкіл әлем үшін ядролық қарусызданудың өнегелі үлгісі ретінде атады.