Songs

This section includes author's songs of the President and his favorite folk songs andmusical works of other authors.

Аuthor's song

Шұбарат

Алатау – туған жерім, елім менің,
Сағындым арасынан ескен желін.
Арқада ардақталып жүрсем-дағы,
Ер жігіт ұмытар ма өскен жерін.

Шұбарат Алатаудың етегінде,
Шамалған тұрады екен жетегінде.
Арқадан асыл жарды тапсам-дағы
Туған жер, сенен алыс кетермін бе!

Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер,
Басында панасы жоқ пақыр да өтер.
Бұл өмір қарап тұрсаң тұрағы жоқ,
Жел соқса бір-ақ күнде ұшып кетер.

Жерім менің

Байлығы қазағымның кең даласы,
Ырыстың ұясындай сай-саласы.
Туған жер, қасиетіңнен айналайын,
Таусылмас ұрпағымның қазынасы, 
О - оу жерім менің!

Қайырмасы: 

Бабамнан қалған кең далам,
Анам сенсін, мен – балаң.
Арым сенсің аялар, 
Беу, кең далам, аманатым қорғаған. 

Жетісу - жер жаннаты, ғажабың-ай,
Думанның Сарыарқам бар базарындай.
Арасы өр Алтай мен Атыраудың,
Жаратқан бұйыртыпты қазағыма, 
О - оу жерім менің!

Орал мен қара Ертістің арасында,
Алатау, Көкшетаудың саясында.
Қазақтың көңіліндей кең даласын,
Қалдырған ата-баба баласына, 
О - оу жерім менің!

Үшқоңыр

Үшқоңыр Алатаудың қойнауыңда,
Әкемнің ізі қалған жайлауыңда.
Қасқасу гүр-гүр тасып, гүлі еркелеп,
Арқарың жайылатын аймағыңда.

Қайырмасы: 

Ай, Үшқоңырым, туған жерім,
Рахым нұры тұнған жерім.
Ай, Үшқоңырым, тал бесігім.
Жүрегімде мәңгі есімің.

Бұл жерде тарих сырдың сыбдыры бар,
Бабалар тұлпарының дүбірі бар.
Бұл жерде Жамбыл-«Жәкең» өлең айтқан,
Өнердің, ақындықтың тұғыры бар.

Шындарың Төле бидің қалпағындай,
Жазира жасыл әлем алқабыңды-ай.
Жуасы, қарақаты, бүлдіргені,
Әжемнің шекер қосқан талқанындай.

Көрінер сонадайдан анық маған,
Шыңында қырандары қалықтаған.
Самғаған қыранына құмар қылып,
Өсірген ұландарын алып далам.

Елім менің

Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартып көлім.
Қол жетті, міне, аңсаған күнге,
Жасай бер, жаса, қазағым менің.
Қазақстаным – жасыл орманым,
Қуанышымды жасыра алмадым.
Аңсаған бабам, аңсаған елім,
Бостандық еді-ау – асыл арманың.

Елім менің аңсаған,
Тас бұғаудан босаған.
Құтты болсын отауың,
Берік болсын босағаң.

Бабамның қаны, анамның жасы,
Сіңген бұл дала, қымбатсың маған.
Береке-бірлік – қамалдың басы,
Ұрпаққа мәңгі тіл қатшы, далам.
Күйінсін жауың, сүйінсін досың,
Жиылсын қауым, құйылсын көшің.
Ертеңің үшін аянба, ерім,
Ояншы, елім, жиылсын есің.

Ұрпақ үшін, ел үшін,
Атамекен жер үшін
Берекең мен бірлігің,
Таси берсін ырысың.